Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көкшетауда Семей ядролық полигонының жабылуына арналған халықаралық конференция өтті

2021 жылдың 19 қазан 2021 14:58

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы шеңберінде Көкшетау қаласында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қатысуымен Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы ұйымдастырған конференция жұмысына ғылыми институттардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, беделді ғалымдар мен тарихшылар, саясаттанушылар, зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан, Ресей және Германиядан ядролық қарусыздану саласындағы сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жиынға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жылында конференция есте қаларлықтай өткенін айтты.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау саласындағы қызметі жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аса зор рөл атқарды. Біздің еліміз әлемде көлемі жағынан екінші ядролық сынақ полигонын жапқан және қуаты жағынан төртінші әскери ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болды. Осылайша, Қазақстан ядролық қарусыздану мәселелеріндегі ашықтық күшін бүкіл әлемге өзінің сыртқы саясатының маңызды қағидаттарының біріне айналдыра отырып, өз тәжірибесінде көрсетті», - деді Алтынай Әміренова.

Онлайн конференция барысында Қазақстанның қоғамдық-саяси қайраткері, ақын, жазушы, «Невада» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Хусейн Гадаборшев (Германияның Карлсруэ қаласы), Шешен Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Ибрагим Керимов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның «Вайнах» шешендер мен ингуштердің республикалық қауымдастығының Басқарма мүшесі Юсуп Келигов, Мәскеу физика-техникалық институтының жоғары энергиялар физикасы зертханасының меңгерушісі Тагир Аушев, РАЕ академигі, биология ғылымдарының докторы, Көкшетау университеті Ауыл шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әбілжан Құсайынов сөз сөйледі.

Қатысушылар өз кезегінде Семей ядролық полигонының қоршаған ортаға, адам денсаулығына әсері, полигонды жабудың тарихи фактілері, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ядролық қаруды таратпау саласындағы рөлі туралы айтты.

Айта кетсек, Семей ядролық полигоны 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен жабылды. 1949-1989 жылдар аралығында полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді.


Жоғары қарай