Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көкшетауда өңірдің дарынды балалары бас қосты

2019 жылдың 29 мамыр 2019 05:35

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында дарынды балалардың форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетаудағы IТ мектеп-лицейінде ұйымдастырылған шараға облыстың әрі өңірінен 9-11сынып оқушыларынан құралған 240 астам оқушы жиналды. Қатысушылардың арасында халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

«Бүгінгі форумға облыс мектептерінің ең үздік оқушылары жиналып отыр. Сіздердей дарынды, талантты балалар тұрғанда еліміздің келешегі үшін алаңдамауға болады. Сіздердің қоғамдық маңызы зор істе жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, өзгелерге жол көрсете алатындарыңызға сенімдімін. Біз сіздерге үлкен сенім артамыз!», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Шарада математика, химия, физика, информатика сияқты пәндер бойынша интеллектуалды мүмкіндіктерін паш еткен оқушыларға ақшалай сертификаттар тапсырылды. Осындай жоғары марапатқа ие болғандардың арасында білім беру гранттарының иегері бар. Оның ішінде пән олимпиадасының жеңімпазы щучьелік Асқар Несіпбай мен көкшетаулық Ермек Рәшитов Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ректордан арнайы шақырту алып отыр. Бұдан бөлек, олардың тәлімгерлері де Алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар, Ақмола облысындағы мектептерден түлеп ұшып, биік белестерге қол жеткізгендер де өздерінің жетістіктері жайлы айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Олардың арасында көшбасшы компаниялардың бірінде бас маман болып қызмет істеп жүрген Аризон штатындағы университеттің түлегі Ернар Сәмтіков, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Гонконг университетінің 3 курс студенті Алмас Ескенов және Нью-Иорктің киноөнері академиясын тәмамдаған Айдия Айдарбековтың баяндамасын форумға қатысушылар ұйып тыңдады.

Форум шеңберінде «Nomads Camp» халықаралық киіз үй лагері, Workout қозғалысы инструкторларының шеберлік сыныбы өткізілді, сондай-ақ, оқушылардың ІТ технологиясы, 3D пішіндеу, облыстың киелі жерлерін үлгілеу, гидропоника және робототехника саласындағы жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кету керек, Ақмола облысында 120 мыңнан астам оқушы орта біліммен қамтылған. Биылғы оқу жылында 73 мыңнан астам оқушының сабақ үлгерімі «үздік» және «жақсы» деп бағаланды. 4600 түлектің 240-і «Алтын белгі», 169-ы үздік аттестат иегері.

Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Білім, Ақмола облысы,
Жоғары қарай