Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көкшетауда дүркіретіп той өткізгендер анықталып, әкімшілік жазаға тартылды

2021 жылдың 18 қазан 2021 12:40

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда мониторингтік топ демалыс күндері карантин талаптарын бұза отырып, салтанатты іс-шаралар өткізілгенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймақта орналасқанына қарамастан, тұрғындар тарапынан карантин режимін бұзу жағдайлары жиіледі.

«Өткен демалыс күндері Көкшетау қаласында мониторингтік топ карантин талаптарын бұза отырып, төрт салтанатты іс-шараның өткізілгенін анықтады. Оның ішінде көпшіліктің қатысуымен өткен бір үйлену тойы, екі қыз ұзату және бір туған күні мерекесі бар. Мәселен, «Көкшетау» қонақ үйінде өткен үйлену тойына 120 адам қатысты. Ал «Бала махаббат» мейрамханасында 120 қонақтың қатысуымен отбасылық мереке өткізілсе, «Хан Сарайы» мейрамханасында 90 адам және «Меруерт» мейрамханасында 120 адамның қатысуымен «қыз ұзату» тойы ұйымдастырылды», - деді ведомстводан.

Департаменттің баспасөз қызметінен атап өткендей, карантин талаптарын бұзу бойынша материалдар Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Биылғы жылы мониторингтік топтар карантин талаптарын сақтау бойынша 29 189 нысанды тексеріп, онда карантин талаптарының 628 рет бұзылғанын анықтады.

«Жалпы, ұйғарылған санитарлық-карантиндік ережелерді сақтамағаны үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне, сондай – ақ жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары (650 айыппұл) қолданылып, 16 материал әкімшілік соттарға қарау үшін жолданды», - деп толықтырды ведомстводан.

Еске сала кетсек, Ақмола облысының бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысына сәйкес салтанатты, естелік, отбасылық іс-шаралар, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар өткізуге рұқсат етілген болатын. Рұқсат етілген, бірақ белгіленген санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, келушілер Ashyq-те «жасыл» мәртебеге ие болуы керек және бөлменің толтырылуы 50 пайыздан немесе 50 орыннан аспауы тиіс.


Жоғары қарай