Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қоқиқаз Қорғалжынның жалғыз бренді емес

2022 жылдың 17 мамыр 2022 20:06

ҚОРҒАЛЖЫН. ҚазАқпарат - Көпшілік білетіндей, Қоғалжын қорығы – қоқиқаздардың құтты мекені. Бұл – алқызыл қоқиқаздардың солтүстікте балапан басатын жалғыз орны. Көптеген шетелдік және қазақстандық туристер бұл жерге осы ерекше құсты көру үшін келеді. Алайда қоқиқаз Қорғалжынның жалғыз бренді емес. Мұнда көретін, тамсанатын, рухани ләззат алатын дүниелер көп және олардың барлығы «Қорғалжын» деген атауға ие туристік брендті қамтиды.

Қорғалжын қорығынан не көруге және қалай жетуге болады?

Қорғалжын қорығының құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. 2008 жылы ол Қазақстандағы ең алғашқы қорық қатарында ЮНЕСКО қорғауына алынды.

Қорықта балықтың 15, өсімдіктің 443, құстың 363 түрі бар. Құстардың 42-і Қызыл кітапқа кірген. Солардың ішінде ең атақтысы - Қорғалжынның қоқиқазы. Одан бөлек бірқазан, үйректердің бірнеше түрі бар.




Қорық астанадан оңтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Ол жерге автобус немесе маршрутты таксимен жетуге болады. Жол ұзақтығы 2-2,5 сағат.

Қорықтың музейіне барып ерекше қорғалатын жер туралы толық мәлімет алуға және қысқаша деректі фильм көруге мүмкіндік бар.

Музейге кіру ақысы ересектер үшін - 800 теңге, ал балалар үшін - 400 теңге. Алайда қоқиқыздарды қорыққа келген жұрттың бәрі бірдей көре алмауы мүмкін.




Себебі қоқиқаз адамдардан саяқ жүргенді, тыныштықты жақсы көреді-міс. Оның үстіне қорық аумағында табиғи парктер сияқты емес, туризмді дамытуға шектеу қойылған.

Басты мақсат - биоәралуандықты сақтау. Сондықтан ерекше қорғалатын аумақта жүретін қоқиқаздар мен басқа жануарларды көзбен көріп тамашалау үшін қорықтың арнайы қызметіне жүгінесіз. Бұл қызмет бір топқа - 13 мың 500 теңге.

Қорғалжын экологиялық обсерваториясы

Қорғалжын экологиялық обсерваториясында құстарды тамашалауға, бақылау жасауға мүмкіндік берілген. 2018-2021 жылдар аралығында Қазақстан бойынша 1500 оқушы осы орталықта болып, құстарды тамашалаған.




Сонымен қатар обсерваторияда мүмкіндігі аз балалар да пилоттық бағдарлама аясында табиғат аясында болып, танымын кеңейтуге мүмкіндік алған.

Тек өткен жылы 120 мүмкіндігі шектеулі бала Қорғалжын құстарын тамашалаған.

«Обсерваторияда қорықта мекен ететін құстардың жүздеген түрін балалар жас ерекшеліктеріне қарай бақылай алады. Балалар мен жасөспірімдер тек теориялық білім алып қана қоймай, құстардың табиғи тіршілік ету ортасындағы мінез-құлқын зерттей отырып, орнитологқа қажет дағдыларды үйренді. Сонымен қатар орнитологиядан практикалық сабақтар ерекше қажеттілігі бар балалардың ой-өрісін кеңейтуге, зерттеумен айналысуға және жоғары сапалы экологиялық білім алуға мүмкіндік береді», - дейді Қорғалжын экология обсерваториясының директоры Құралай Түспекова.




Сонымен қатар мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөлінеді.

«Жас орнитолог» жобасы есту және көру қабілеті бұзылған балаларды дамытуға бағытталған. Сонымен қатар психикалық бұзылысы бар қатысушыларға арналған.




Балалар орталықта 5 немесе 7 күн болып, құстарды тамашалай алады. Бағасы - шамамен 40 мың теңгенің айналасында.

Этно-қонақүйлер

Қазақ ұлтына ғана тән, өзге ұлттарда қайталанбас жәдігерлерімізді, өшпес өнерімізді, ұлттық дүние-таным, салт-дәстүр, ұлттық тағам болсын, бәрін дәріптеп, кеңірек насихаттау керек.

Мұндай пікірді Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының өкілі Алмас Таңғытұлы айтты.

Оның сөзінше, бұл - туристік брендті қалыптастырудың бірден-бір жолы.

«Қазір шетелдік туристерді тақтайдай салынған жол, биік үйлер қызықтырмайды. Олар Қазақстанға не үшін келеді? Жалпы шекара асып келетін туристерді осы елде тұратын адамдардың ешкімге ұқсамайтын тыныс-тіршілігі, ұлт ретіндегі әдет-ғұрпы қызықтырады. Қазақтың бұзылмаған әдет-ғұрпы, боямасыз тіршілігі ауылда сақталған. Сондықтан да ауыл туризмін дамытудың мәні зор. Сол арқылы ауылдың эко¬номикалық ахуалын көтеруге болады. Халықтың мәдени танымы да жетіле түседі. Сырттан келген адамдармен тіл табысқан ауыл баласының жаңа бір қызығушылығы пайда болуы да мүмкін. Агротуризмнің көзге көріне бермейтін пайдалы тұстары өте көп», – дейді Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының өкілі Алмас Таңғытұлы.

Жалпы Қорғалжында этно-қонақүйге ұқсас үш жер бар. Ол жерде сырттан келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, қонақжайлылық дәстүрлі паш етіледі.

Үй амағына тігілген киіз үй аурасы мен құрылғанына 40 жылдан астам уақыт болған атақты «Дударай» ансамбінің Қорғалжынның Ащыкөлі мен Тұщыкөлінің ортасынан шыққан сұлу саздары туристерге ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Қаныкей мазары мен Бытығай кесенесі

Қаныкей мазары - Қорғалжындағы көрнекі орындардың бірі. Тарихшылардың айтуынша, Қаныкейдің жерленген жері – XVII ғасырдың ескерткіші.

Аңызға сәйкес, қазақ пен қалмақ арасындағы жорыққа қазақ ханының Қаныкей атты бойжетіп қалған батыр қызы аттанған.

Хан қызының қасында құралайды көзге атқан қырық нөкері болыпты. Бұл мерген қыздар соғысқа тікелей араласпай, жебе жетер жерден жаудың қолбасшыларын көзден атып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып отырса керек.

Қол бастайтын батырлары бірінен соң бірі ат жалын құшып жатқан соң, қалмақ ханы арнайы жасақ құрып, қырық қыздан тұратын мергендер тобын біржола құртуды көздейді.




Сайдың тасындай іріктелген жүз жігіттен тұратын жау жасағы соғыстың бір қызған кезінде қазақ қолын айналып өтіп, мерген қыздарға тұтқиылдан ұрыс салады.

Күтпеген жерден тап берген жауға қыздар оңайшылықпен алдыра қоймайды. Алайда саны көп жау жасағынан Қаныкей мерт болады. Сол Қаныкей мазары дәл осы Қорғалжын аумағында орналасқан.

Бытығай кесенесі Қорғалжын ауылынан 2 шақырым қашықта орналасқан. Бытығай кесенесі - шамамен Алтын Орда дәуірінің сәулет ескерткіші.

Бұл жерде жалпы орта ғасырларда тек кесене емес, қала болған деп те айтады. Бұл кесененің тарихи аспектілері туралы ҚазАқпарат бұрынырақ жазған.

Жылдам өзгеріп жатқан заманда адамдарды таңғалдыру - қиынның қиыны. Ал туризмді дамыту, танымал көрнекі орындарға келушілер санын ұлғайту одан да қиын.

Туризм қаражат, қосымша жұмыс орны десек, бір заттан бренд жасау аса маңызды.

Бүгінде «Қорғалжын» деген брендпен жұмыс істеп тұрған ондаған туристік бағыт шағын ауданның тамырына қан жүгіртіп тұр.














Жоғары қарай