Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қоғамдық бақылау жемқорлықпен күреске септігін тигізеді - Бану Нұрғазиева

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 19:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған «Қоғамдық бақылау: мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктері және заңнамалық бекіту» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Бану Нұрғазиеваны «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр альянс басшылығына тәжірибелі адамның тағайындалуы мемлекеттік органдар үшін де, жалпы алғанда азаматтық сектор үшін де тиімді болатындығын баса айтты.

«Азаматтық альянс тек біздің министрліктің ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың сенімді серіктесі екендігін білеміз», - деп атап өтті министр.

Өз кезегінде Бану Нұрғазиева ел Президентінің қоғамдық бақылау туралы заң жобасын әзірлеуге қатысты тапсырмасы, ең алдымен, мемлекеттік аппарат сапасының жақсару процесін паш ететіндігін және алдағы уақытта азаматтық сектордың дамуына оң әсерін тигізетіндігін атап өтті. Сонымен қатар ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілетудегі маңызды қадамның бірі қоғамдық бақылау саналатындығын баса айтты. Өйткені, аталған тұжырымдама билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді орнатуға септігін тигізеді.

«Ең алдымен, қоғамдық бақылау елдегі жемқорлықтың жолын кесудің алдын алу шараларының бірі саналады», - деді Бану Нұрғазиева.

Оның айтуынша, қоғамдық бақылау туралы заң азаматтық қоғам институттары тарапынан бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай құқықтық тетігін құруға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар ол аталған заң жобасын әзірлеуге Қазақстанның Азаматтық альянсы белсенді қатысуға дайын екендігін айтты.

Осы ретте Аида Балаева спикердің Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірге сапалы заң әзірлеу жөніндегі пікіріне қолдау көрсетті.


Жоғары қарай