Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын аумақ мәртебесі берілуі мүмкін

2020 жылдың 22 шілде 2020 16:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақмола облысындағы Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы айларда тіркелген жағдайлар қысқа уақыттың ішінде тұмса табиғаттың көркін қалайша құртуға болатынын айқын көрсетіп берді. Бұл - ерекше бірегей көл. Әлбетте, мобильді бекеттер мен шлагбауммен проблема шешіле салмайды. Себебі шлагбаум бар жерде оны аттап өткісі келетіндер де көп болады», - деді Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, проблеманы шешудің екі жолы бар.

«Біріншісі – экологиялық білім және айыппұл мөлшерін көбейту. Екіншісі – көлдің бірегейлігін пайдалана отырып, біз оған ерекше қорғалатын табиға аумақ мәртебесін берсек дейміз. Осылайша оған қатысты шектеу шаралары күшіне енеді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Еске сала кетсек бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Көбейтұздың ластанып, ол жақтан тұздың тиеліп әкетілуіне байланысты алаңдаушылық білдірген болатын. Бұған халықтың көлге көптеп келіп, тұзын қазып, маңайын қалдыққа толтырып кетуі себеп болған. Тіпті әлеуметтік желіде Көбейтұздың тұзын келісін бес мың теңгеге сатқандар да пайда болды.

Өкініштісі, көлге барғанымен тәртіп сақтамай, суға көлігімен кіріп кеткендер де кездесті. Кейін Ақмола облысының полицейлері көлігімен көлге кіріп кеткен адамның табылып, жазаланғанын хабарлады.

Таяуда Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көбейтұз бен Қоржынкөл көлдерін 49 жылға жалға беруге байқау жариялаған еді. Кейіннен Көбейтұз жалға берілмейтін болды.

Айта кетейік, елордадан 170 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көліне карантин біткенше баруға тыйым салынған.


Жоғары қарай