Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қиындықтар болды, соған қарамастан науқастарға медициналық көмек көрсетілді - Алексей Цой

2020 жылдың 22 шілде 2020 23:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустан қайтыс болғандардың көрсеткіші Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда неліктен аз екендігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Хабар24» телеарнасында өткен дөңгелек үстел отырысы барысында жүргізуші Рахым Ошақбаев сарапшылардың мәліметтеріне сүйене отырып, Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда, коронавирус індетінен қайтыс болғандар санының аз екенін айтты.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарайтын болсақ, Ұлыбританияда 1 млн адамға шаққанда кісі өлімі 665 адамнан, Испанияда 608 адамнан, Қазақстанда 31 адамнан келеді»,-деді жүргізуші.

«Бұл жерде жағдайға ықпал етіп отырған бірнеше фактор бар. Солардың бірі медициналық көмектің қолжетімділігі. Әрине, біздің жұмысымызда, стационарлардың науқастарға толып кетуі сияқты біршама қиындықтар болды. Соған қарамастан шет мемлекеттерде адамдар аурухана дәліздері мен еденде жатқанда біздің азаматтарымыз қажетті медициналық көмекті алды»,-деп жауап берді Алексей Цой.

Оның сөзінше, адамдардың індеттен қайтыс болу жағдайлары көбіне пневмониямен байланысты болып отыр. Басқадай көрсеткіштер дұрыс.

«Бізде өсім тап осы пневмониямен байланысты аурулар бойынша болды. Екінші жағынан жол апаттарынан болатын адам өлімі азайды. Жалпы алғанда біз адамдардың қайтыс болу жағдайлары пневмониямен байланысты болғандығын анық байқадық»,-деді министр.

«Біз алғаш рет жариялаған карантин дер кезінде қолға алынған шара болды. Соның арқасында індеттің геометриялық прогреспен өршуінің алдын ала алдық. Карантин індеттің тарауына айтарлықтай кедергі болды. Адамдар вирус жұқтырып жатқанымен оларға медициналық көмек көрсетіліп, індет тарау көрсеткіші төмендеді»,-деді министр.

Оның сөзінше, Қазақстанда коронавирустан адамдардың қайтыс болу жағдайлары крантин тоқтап, індет күрт өршіп, денсаулық сақтау саласы ауруханаларда орын мен жасанды тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігі сияқты қиындықтарды бастан өткеріп жатқанда болды. «Ал оған дейін елдегі медициналық мекемелердің барлығы өздеріне жүктелген міндетті талапқа сай атқарды. Жедел жәрдем көрсетіліп, жасанды тыныс алу аппараттары да жеткілікті болды. Азаматтар медициналық көмекті алып, қажетті шаралар атқарылды»,-деді министр.


Жоғары қарай