Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Кинотеатрлар жұмысын бастайды: Үкімет жанындағы комиссия жаңа шешімдер қабылдады

2020 жылдың 19 қазан 2020 17:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес COVID-19-бен күресудің қосымша шаралары қаралды.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, зертханалық қызметтер мен жеке қорғану құралдарының баға саясатына мониторинг жүргізу жұмысы туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ақпараттық-түсіндіру жұмысы туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, өңірлердегі ахуал туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Қазақстанда биылғы 18 қазандағы жағдай бойынша коронавирусты жұқтырған 102 адам тіркелді (өсу қарқыны – 0,09%), жұқпалы ауруларға арналған төсек-орындардың 16%-ы пайдаланылуда. 2020 жылғы 14-18 қазан аралығындағы репродуктивтілік көрсеткіші 1,03%-дан 0,96%-ға дейін төмендеді. Соңғы 3 аптада елімізде 17 мыңға жуық рейд жүргізіліп, 7 мыңнан астам карантин режимін бұзу фактісі анықталды.

Үкімет басшысы тұрғындар әлі күнге дейін коронавирус қаупінен толық сақтанбайтынын, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау режимі мен әсіресе, қоғамдық орындар мен көліктерде міндетті түрде маска тағу мәселесінде санитарлық талаптардың жеткілікті сақталмайтынын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды және санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Осыған орай, Ведомствоаралық комиссия карантиндік талаптарға қатысты бірқатар шешім қабылдады:

І. Шекарадан өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтіледі

- 2020 жылғы 26 қазаннан бастап шет елдердегі эпидемиологиялық ахуалды ескерумен шетелге ұшатын әуе рейстерінің саны қысқартылады;

- Қазақстан аумағына келгендердің барлығы (соның ішінде ҚР азаматтары), сондай-ақ екіжақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүргізушілер міндетті ПТР-тестілеуден өткізіледі;

- шетелден келушілерге, оның ішінде ҚР азаматтары үшін де ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтаманың жарамдылық мерзімі 3 күнге дейін белгіленді.

II. ПТР-тестілеу

2020 жылғы 19 қазаннан бастап ҚР өңірлеріндегі зертханаларда ПТР-тестілеу құны 9 мың теңгеге дейін төмендетілді.

III. Сырқаттанушылық өсімі болмаған жағдайда, тұрақты эпидемиологиялық ахуалы бар «жасыл» өңірлерде бизнес субъектілерінің қызметі кезең-кезеңімен қайта жандандырылады;

- 2020 жылғы 24 қазаннан бастап сенбі күндері сағат 17:00-ге дейін СОСО, сауда үйлері, жабық базарлар жұмыс істей бастайды;

- биылғы 26 қазаннан бастап кинотеатрлар қашықтықты және маска тағу режимін сақтай отырып, 30%-дан аспайтын толығумен жұмысын қайта бастайды.

IV. Шектеу шараларын сақтау

Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, бильярд және компьютер клубтарының, ойын-сауық мекемелерінің, банкет залдарының, түнгі клубтардың қызметіне салынған тыйым сақталады;

- облысаралық жолаушылар тасымалдарына және ортақ вагондарды құруға тыйым салу жалғасады.


Жоғары қарай