Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Киевте қазақтар құрылтайы өтіп жатыр

2021 жылдың 26 мамыр 2021 15:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Украина астанасы Киев қаласында сол елде тұратын қандастардың құрылтайы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Украинадағы Елшілігі мен қазақ диаспорасы бірлесіп ұйымдастырған Украинада тұратын қазақтардың құрылтайы алғаш рет өтіп отыр.

Аталған шарада ҚР Украинадағы Елшісі Дархан Қалетаев құттықтау сөз сөйлеп, атажұрттың ыстық сәлемін жеткізді.

Сондай-ақ, құрылтай отырысына Украинаның этносаяси және ар-ождан бостандығы жөніндегі мемлекеттік қызмет төрағасы Елена Богдан, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректоры Ерлан Сыдықов және Украина Жоғарғы Радасының халық депутаты, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтың мүшесі, Сергей Нагорняк қатысты.

Қандастардың басқосу жиынының екінші бөлігінде Киев қаласындағы «Достық» Қазақ мәдени қоғамының басшысы Данияр Егамбердиев, Харьков қаласындағы «Бірлік» қазақстандық ұлттық ҚБ басшысы Макка Қаражанова және қазақ диаспорасының өкілі Рүстем Жанғожа шеттегі қандастар атынан сөз сөйлеп, атажұртпен арадағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстың артуына күш салатынын атап өтті.




Тату береке-бірлік нәтижесінде халқымыз талай белестерді бағындыратынына тоқталды.

Этникалық өнер қайраткерлері қауымдастығы басқармасының президенті, Украинаның Ұлттық қоғамдастықтары Рада төрағасының орынбасары, Украинаның еңбек сіңірген әртісі Инеш Кдырова өз сөзінде украин және қазақ халқының берік достық қарым-қатынасына ризашылығын жеткізді.

Сонымен қатар, құрылтай соңында жаңа қауымдастық басшысы сайланып, осыған дейін атқарылған бағдарлама мен жобаларға қатысты ұсыныс-пікірлер қорытындыланады.

Одан бөлек, қоғамдық жұмысқа белсене араласқан қандастарымыз ҚР Украинадағы Елшісі мен «Отандастар қоры» КЕАҚ алғыс хатымен марапатталады.











Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Қандастар, Украина,
Жоғары қарай