Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Киелі табиғат: Ақтөбелік оқушылар мектеп ауласы мен саябаққа ағаш отырғызды

2021 жылдың 8 мамыр 2021 19:53

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер «Киелі табиғат» экологиялық жобасына үлес қосты. Ауыл балалары саябақ пен мектеп ауласына ағаш отырғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Киелі табиғат» экологиялық жобасын Ақтөбе облысындағы «Жас ұлан» ұйымының белсенділері, жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, эковолонтерлер қолдап, ағаш отырғызуды жоспарлады. Бүгін жастар және волонтерлар ұйымының қатысумен Темір, Байғанин, Мәртөк аудандарында жалпы 100 көшет егілді. Оған 300-ден аса жасұландық қатысып, қарағай, аққайың мен жеміс ағашын отырғызды. Әрі қарай да су құйып, баптайды.
«Жасұландық белсенді оқушылар бүгін республикалық акцияға қатысты. Мәртөк ауданы, Саржансай орта мектебінің оқушылары мектеп жанындағы алаңға ағаш отырғызды. Бізге қажетті көшетті мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі Гүлжанат Ілияс әкеліп берді. Оқушылар дәл осылай жыл сайын көгалдандыру жұмысына қатысады. Егер ағаш өспей қалса, қайта егіледі. Белсенділеріміз жаз бойы көшеттің күтімін жасайды», - деді мектеп тәлімгері Инара Кулпайстанова.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы, этно-мәдени бірлестіктер және олардың жастар қанаты өкілдерінің қатысумен «Таза көлдер, өзендер және бұлақтар» акциясы өтті. Онда көл, өзен және бұлақ тазарту жұмысы жүргізілді. Облыстың Алға, Әйтеке би, Қобда аудандарында белсенділер атсалысты. Барлығы 150-ден астам жасұландық шығып, тазалық жұмыстарын жүргізді.


















Жоғары қарай