Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚХЛ: «Барыс» «Салават Юлаев» командасынан жеңіліп қалды

2020 жылдың 25 қаңтар 2020 20:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің Уфа қаласында жергілікті «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен ойнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық клуб 53 ойыннан кейін 67 ұпай жинап, турнир кестесінде алтыншы орынға жайғасты. Ал «Салават Юлаев» 50 ойыннан кейін 55 ұпаймен 15 орында тұр. Жарыстың келесі сатысына шығу мүмкіндігіне қос команда да қол жеткізе алған жоқ. Айта кетерлігі, екі команданың соңғы төрт кездесуінде «Барыс» хоккейшілері басым түсіп келеді.

Айдын иелері сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында бар күшін салды. Алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Нәтижесінде бірінші кезеңде ресейлік хоккейшілер «Барыс» қақпасына екі шайба соғып кетті. Алдымен 12-минутта Дмитрий Кугрышев қанжығасын майласа, 18-минутта Тезму Хартикайнен есепті ұлғайта түсті.

«Барыс» хоккейшілері екінші кезеңде таразы басын теңестіруге ұмтылды. Олардың қатарынан 32-минутта Атте Охтамаа мергендік көрсетті.

Үшінші кезеңде «Салават Юлаев» сапынан 41-минутта Александр Кадейкин гол соғып кетті. Оған 43-минутта елордалық хоккейші Роман Старченко бір шайбамен жауап берді. Ал 49-минутта ресейлік командадан Тезму Хартикайнен тағы голдың авторы атанды. «Салават Юлаев» сапынан 56-минутта Никита Сошников қорытынды есепті белгіледі. «Барыс» қарсыласынан 2:5 есебімен жеңіліп қалды.

Бұдан бұрын «Барыс» Санкт-Петербург қаласында жергілікті СКА командасынан 4:7 есебімен сүрінген еді.

«Барыс» енді бір ойынды сырт айдында өткізеді. Олар 27 қаңтарда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады. Одан кейін елордада 30 қаңтарда Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) ойнаса, 1 ақпанда «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен тағы бір мәрте кездеседі.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай