Ауа райы
Астана -30 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 378.86
EUR 416.78
RUB 6.06
CNY 54.62

ҚХЛ: «Барыс» «Адмиралдан» үшінші мәрте жеңілді

2019 жылдың 14 қазан 2019 22:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрлықтық хоккей лигасының биылғы маусымында екі команда бұған дейін екі мәрте кездесіп үлгерді. Оның екеуінде де «Адмиралдың» мерейі үстем болды.

Қыркүйектің 3-і күні елордада өткен кездесуде аталмыш ресейлік клуб «Барыстан» 3:1 есебімен басым түскен еді.

Одан кейін 13 қыркүйекте Владивостокта өткен ойында тағы да «Адмирал» 3:0 есебімен жеңіп кетті.

Сондықтан бүгінгі ойында «Барыс» хоккейшілері бар күшін салуы тиіс болатын. Дегенмен алғашқы екі кезең аса тартысты өткенмен қос команда гол соғатын қолайлы мүмкіндіктерді мүлт жіберіп жатты. Алғашқы кезеңде қос команда хоккейшілері дөрекі әрекеттерімен көзге түсті. Төрешілер оларды бірнеше мәрте айдыннан қууға мәжбүр болды. Екі команда тарапынан үш-үштен ойыншылар екі минуттық айыппен жазаланды.

Үшінші кезеңде де ойын тартысты өрбіді. Дегенмен екі команда да гол соға алмады. Кездесу овертаймға ұласты. Овертаймның алғашқы минутында «Адмирал» сапынан Юнг Маркус гол соғып, өз командасына жеңіс сыйлады. «Барыс» қарсыласынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша биыл олардың «Адмиралға» «тісі батпай» тұр.

Айта кетерлігі, «Барыс» бұдан бұрынғы қатарынан төрт кездесуде қарсыластарынан басым түскен болатын. Елордалық клуб 9 қазанда Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасын сырт айдында 2:0 есебімен жеңіп кеткен еді.

Енді «Барыс» елордада екі ойын өткізеді. Олар 14 қазанда Владивостоктың «Адмиралын» қабылдаса, 16 қазанда Латвияның «Динамо» (Рига), 20 қазанда Подольскінің «Витязь» клубтарымен мұз айдынға шығады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай