Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚХА қазақстандықтарға «Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасын ұсынды

2021 жылдың 3 желтоқсан 2021 19:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Бейбітшілік және келісім жолымен» атты 5 сериялы тележобаның тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тележобаны түсіру барысында еліміздің барлық өңірін араладық. Мен үшін басты назарда көпбалалы отбасылар болды. Жобада көрсетілген кейіпкерлерге Үкіметтің назарын аудару да үлкен мағынаға ие. Мысалы, Семейде көпұлтты отбасы бар. Аталған отбасы әртүрлі ұлт өкілі балаларын асырап алған. Сондықтан ол отбасыны көпшілікке үлгі ретінде көрсеткім келді. Және ол отбасыға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әрине, жергілікті билік көмектесіп отыр, дегенмен ол аз деп ойлаймын. Біз осындай отбасыларды үнемі насихаттауымыз керек, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Майя Бекбаева тележобаның таныстырылымы барысында.

«Бейбітшілік және келісім жолымен» тележобасы 5 сериядан тұрады. Яғни Орталық Қазақстан, Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан бөлімдері.

«Атқарылған істің тағы мақсаты - Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын көрсету. Себебі халық арасында «ҚХА немен айналысып жатыр, тек ұлттық киім киіп билегенді біледі» деген пікір бар. Біз ақпарат берген кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай шара өткізді дейміз. Осы орайда істелген жұмыс туралы ақпарат тарату аздық етеді деп ойлаймын. Яғни істелген жұмысты халыққа көрсету керек. Шын мәнінде ҚХА-да ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, СҚО-дағы аналар үйі жұмысын үлгі етуге болады. Ондағы ардагерлер кеңесі де тиімді жұмыс істейді», - дейді ол.

Тұсаукесерге жиналған қауымға тележобаның бірінші сериясы (Қарағанды облысы) көрсетілді. Ал қалың көрермен аталған телетуындыны «Хабар» телеарнасынан 6 желтоқсаннан бастап көре алады.

Айта кетейік, аталған шара аясында Қазақстан халқы ассамблеясы БАҚ арасында ұйымдастырылған «Шаңырақ» республикалық байқауы қорытындыланды. ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы аталған байқауда 1-орынға ие болды.











Жоғары қарай