Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Келешекте қандай мамандықтарға сұраныс болады – сарапшымен сұхбат

2020 жылдың 30 мамыр 2020 10:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әр заманның өз талабы бар. Ал ХХІ ғасырда әр маман иесі уақыт сұранысына сай болып, қажет жағдайда білімін жетілдіріп, жаңашылдыққа дайын болуы тиіс. Осы тұрғыда алдағы 10-15 жылда Қазақстанда қандай мамандықтарға сұраныс артатыны және азаятыны жөнінде ҚазАқпарат тілшісі ARG Group жобасының жетекшісі, сарапшы, Олег Мецикпен тілдескен болатын.

«Бүгінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмысқа бірнеше компания жұмылдырылған. Оның мақсаты – болашаққа болжам жасап, келешекте керекті мамандықтарды анықтау. Пилоттық жоба 9 саладан тұрады. Оның ішінде мұнай-газ және энергетика, туризм, IT, машина жасау және тағы басқалар бар. Келешектің жаңа мамандықтарын анықтау жобасы биыл ақпан айында қолға алынды. Яғни, Қазақстандағы болашақ мамандықтарына талдау жасап жатырмыз. Соның негізінде алдағы 10-15 жылға болжам жасалады. Дегенмен, елдегі төтенше жағдай жұмыс барысына аздап кедергі келтіргені рас. Сондықтан пилоттық жобаның нәтижесі шілде айында емес, қыркүйекте дайын болады деп күтілуде», - деді ARG Group жобасының жетекшісі.

Оның айтуынша, болашақтың мамандығын анықтаудың өзіндік талдау, зерттеу әдіс-тәсілі бар.

«Жалпы алдағы уақытта сұранысқа ие болатын немесе жойылатын мамандықтарды анықтау форсайт технологиясы бойынша жүзеге асырылады. Ол әдіс өз кезегінде 6 кезеңнен тұрады. Яғни, белгілі бір салаға қатысты ондаған, жүздеген сарапшының және маманның зерттеуі мен болжамының нәтижесінде жүйелі талдау жасалады. Тағы бір айта кететін жайт – дәл қазіргі уақытта тапшы мамандықтар мен болашақта қажет болатын мамандықтарды салыстыруға келмейді. Мысалы, қазір бізде интернет мамандары немесе үйге дейін жеткізіп беруші мамандығы тапшы болса, енді бір 5-10 жылдан соң оларға деген қажеттілік азаюы әбден мүмкін», - деді ол.





Сондай-ақ сарапшы жасөспірімдерге болашақ мамандығын таңдауда қандай мәселелерге мән беру керектігіне тоқталып, кеңес берді.

«Мамандық таңдайтын жастарға да, қазіргі мамандарға да қойылатын 4 негізгі талап бар. Қандай маман иесі болмасын, бірінші талап – цифрлық сауаттылық. Екіншіден, эмоционалдық сауаттылық. Бұл дегеніміз өз іс-әрекетіне талдау жасау, басқа адаммен тіл табысып, оларды түсіне білу, өзіне сыни көзқараспен қарау, тағы сол сияқты. Келесі – эволюциялық сауаттылық. Яғни, адам өз өмірі мен қызметін жаһандық талапқа сәйкестендіре алуы керек. Төртінші – ол заман толқыны мен сұранысына тез бейімделіп, жаңашылдыққа ұмтылу. Атап айтқанда, сіздің мамандығыңызға бірер жылдан соң нарықта сұраныс болмай қалса, бүгінгі бағытыңызды өзгертіп, сол сәттегі сұранысқа сай басқа кәсіппен айналысуға дайын болуыңыз керек», - дейді О. Мецик.

Одан бөлек, зерттеуші маман келешектегі басты тренд мамандықтар туралы әңгіме өрбітті.

«Қазақстандық жаңа мамандықтар атласын әзірлеу аясында біз әлемдік 6 трендті ескеріп отырмыз. Алдымен, ол - ақылды технология немесе роботтар. Екінші тренд - цифрлық жүйені арттыру, бұл - IQ, IT, Big data, жасанды интеллекттің адам өміріндегі қызметін арттыру. Үшінші - табиғи ресурстардың таусылуына байланысты оның орнын басатын жаңа ресурс түрлерін табу. Төртіншіден, экологиялық тренд. Болашақта өнім өндіргенде кез келген сала мен оның мамандарына экологияны қатаң қорғау, сақтау талабы қойылады. Біз соған келе жатырмыз және осы шаруамен айналысатын жаңа маман иелері де пайда болады. Тағы бір тренд - өз тұтынушыларының сұранысы мен талабына сай тез бейімделіп жұмыс істей алатын кәсіп иелері», - дейді ол.





Жоба жетекшісі жақын арада жұмыста адамды робот алмастыра ала ма деген сұраққа да жауап берді.

«Біз маман иелерін біліктілігіне қарай жоғары, орташа және біліктілігі төмен мамандар деп үш топқа бөліп қарастырамыз. Осы орайда, біліктілігі төмен мамандарды ақылды технологияға немесе роботқа ауыстырудың қажеті жоқ әрі ол тиімді емес. Ал жоғары білікті маман иелерін толығымен ауыстыратын ақылды технология әлемде әлі жасалған жоқ, яғни әлі де болса жоғары білікті маман иелері қажет. Ал орташа деңгейлі маман иелерінің қызметін техника немесе робот толығымен атқара алады», - деді жоба жетекшісі.

Сөз соңында сарапшы елімізде алдағы 10-15 жыл көлемінде жаңадан пайда болатын және жойылуы мүмкін мамандықтарды тізбектеп берді.

«Атдаста мамандықтарды біз үш топқа бөлдік. Олар - жаңа немесе болашақтың мамандықтары, өзгертуді қажет ететін мамандықтар және жойылатын мамандықтар. Енді әрқайсысын жеке қарастырсақ. Жаңа мамандықтар пайда болатын саланың бірі – экология. Бұған дейін айтып өткенімдей, экологияның күн санап нашарлауына байланысты оны сақтау мен қорғау бірінші кезекте болады. Демек, экологтардан басқа, салалық ішінара жаңа мамандар да пайда болады. Бұдан бөлек, екінші білім беру саласында жаңа мамандар шығады. Бізде қалай? Бір жоғары білімді аламыз да сонымен жұмыс істеп, қажет болғанда біліктілігімізді арттырып отырамыз. Ал болашақтың, тіпті қазіргі күннің талабы басқаша. Бір адам жалғыз мамандықпен шектеліп қалмауы тиіс. Қажет болғанда 30-40 жасында заман талабына сай басқа мамандықты игеруге дайын болуы тиіс. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс істейтін адамдарды болашақтың мамандары деп айтуға болады. Үшінші сала - адами капитал. Бұл дегеніміз – белгілі бір сала қызметкерлерімен жұмыс істеп, сол саланың қыр-сырын білетін мамандар. Мысалы, кеншілерді алсақ, бірнеше жыл жұмыс істеген соң, олардың денсаулығы сыр бере бастайды. Сол кеншілердің денсаулығымен, еңбек құқығымен айналысатын сала мамандары пайда болады деген болжам бар. Осы жерде «кеншінің денсаулығына дәрігер жауапты, ал еңбек құқығы заңмен қорғалған, жаңа маманнның не қажеті бар» деген сұрақ туындайды. Бірақ мәселені тереңінен қарауымыз қажет. Мәселен, зауытта, құрылыста істейтіндердің жұмысы ауыр және денсаулығына қауіп бар екенін бәріміз білеміз. Алайда сол проблеманы шешу немесе оңтайландыру ісімен ешкім айналыспайды. Міне осы тұрғыдан алғанда, яғни адами капиталды ілгерілету жолында жаңа кәсіби мамандар қажет. Болашақ мамандықтарға қатысты тағы бір бағыт – қашықтан жұмыс істеу. Яғни, Қазақстанның кез келген азаматы үйде отырып-ақ, мәселен, Google-де жұмыс істеуі мүмкін. Осындай мүмкіндіктер ашылады. Бұл жерде айта кету керек, болашақта кенші, мұнайшы мамандығы жойылады деген сөз емес. Керісінше, мамандар жұмыс істейді, тек қана заман талабына сай ақылды технологияның көмегі арқылы өз жұмысын жетілдіреді әрі жеңілдетеді. Ал болашақта жоғалатын мамандықтардың қатарына жүргізушілерді, машинистерді жатқызуға болады», - дейді Олег Мецик.








Автор Дәулет Ізтілеу
Басты сөздер: Қоғам,
Жоғары қарай