Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Кебек экспортына тыйым салу жемазық мәселесін шешпейді – СҚО кәсіпкерлері

2021 жылдың 12 тамыз 2021 11:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бидай, майлы дақылдармен қатар кебекті де экспортқа шығарып келді. Жемазық жетіспеушілігіне қатысты биыл оны шетелге сатуға тыйым салынуы өңір кәсіпкерлерінің наразылығын тудырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлер палатасында өткен жиында өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеушілер өз мәселелерін ортаға салды. Соның бірі – кебек экспортына шектеу қою.

Өңір кәсіпкерлерінің пікірінше, жемазық жетіспеушілігі мәселесі, биылғы қуаңшылықтан емес, одан ерте – желтоқсан айында туған. Сол уақытта кебектің тоннасы 70 мың теңгеге дейін жеткен. Ал қыста бүкіл республика бойынша диірмендердің жұмысы бәсеңдеген уақытта бұл өнімнің бағасы еселеп артты.

«Бүгінде жемазық жетіспеушілігі мәселесі және азық-түліктің қымбаттауы – бидайды қайта өңдеушілердің ғана емес, еліміздің әр тұрғынының мәселесі болуы керек. Үкімет шикізаттың бағасын тұрақтандыруға тырысуы қажет. Өйткені шикізат арзан болған жағдайда ғана халықты арзан әлеуметтік маңызды тауарлармен және жемазықпен қамтуға болады. Мәселенің басқы себебімен күрескен жөн. Үкіметтің кебекті жемазықтың қатарына қосып, экспорттауға тыйым салуы дұрыс емес. Кебек – өндірістің жанама өнімі. Ол ірі қара малдың жемазық құрамында небары 8-10% ғана қамтиды. Ал құс өсірушілер оны тіптен қолданбайды. Жоғары протеинді ақуызы бар жем, яғни 4-5 класты бидайды қолданады», - дейді Қазақстанның бидай өңдеушілер одағының өкілі Таисия Колегова.

Бидай өңдеушілердің айтуынша, өңірде кебек бойынша тапшылық жоқ. Солтүстікқазақстандық кәсіпорындар бұл өнімнің негізгі бөлігін ішкі нарықта сатады, сондай-ақ елдің оңтүстігінен келіп әкетеді екен. Бұған дейін кебекті негізінен Өзбекстан мен Қытай алып келген. Алайда биыл сұраныс төмендеп отыр. Өйткені Өзбекстан қазақстандық 3,5 млн тонна бидайды өздері үгіп, кебекпен ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Қытайға сату теміржолдағы кептелістерге байланысты тиімсіз болған.

«Кебекті экспортқа шығаруға тыйым салу жемазық жетіспеушілігі мәселесін шешпейді. Бұл біздің жұмысымызға кедергі келтіреді. Кебек жеңіл болғанымен, көп орын алады. Ал диірмендерде оларды сақтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Сол себепті екі аптадан артық кебек сатылмай жиналып қалса, ұн қоятын жер болмай, кәсіпорындарға жұмысын тоқтатуға тура келеді», - дейді Таисия Колегова.

Кәсіпкерлердің пікірінше, жағдайды тұрақтандыру үшін кебек экспортына емес, шикізатты, яғни бидайды шетелге сатуға шектеу қою қажет.

«Егер осылай жалғаса берсе алдағы қыста жемазықтан бөлек, азық-түліксіз қаламыз. Кебек шығаратын шикізат болмайды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – шикізат экспортына мемлекеттік баж енгізу. Осылайша жемазық мәселесін де шешеміз, жұмыс орындарын да сақтап қаламыз, кәсіпорындар да жұмысын тоқтатпайды», -дейді Тимирязев ұн-үгу комбинатының директоры Иса Аллахяров.

СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов жиындағы барлық ұсыныс одан әрі қаралып, шешім қабылдау үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына жіберілетінін айтты.


Жоғары қарай