Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚазҰУ қаржы саласында білім беруді дамытқаны үшін халықаралық марапатқа ие болды

2020 жылдың 16 қыркүйек 2020 10:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ислам қаржысы саласындағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін «Global Islamic Finance Awards 2020» (GIFA) беделді халықаралық марапатына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетекші қазақстандық жоғары оқу орны «Best Emerging Islamic Finance Education Provider» («Исламдық қаржыландыру бойынша білім беру қызметтерінің үздік дамушы провайдері») номинациясында үздік атанды. Марапатты тапсыру рәсімі Исламабад қаласында (Пәкістан) өтті.

GIFA – ислам қаржысы саласында үлкен жетістіктерге жеткен үкіметтерге, мекемелерге және жеке тұлғаларға берілетін мәртебе белгісі әрі әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі. Олардың қатарында мемлекет басшылары, белгілі мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар бар.

GIFA-2020 беделді марапатын табыстау – бұл халықаралық қоғамдастықтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан қабылданған исламдық қаржыландыруды дамыту және тарату бастамаларын мойындау белгісі.

Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғаш болып исламдық қаржыландыруды дамытуды, ислам банктерін құруды және олардың қызметінің заңнамасын қамтамасыз етуді қолға алған. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылып, табысты жұмыс істеуде. Болашақта ол ЕАЭО және Орталық Азия өңіріндегі исламдық қаржы хабына айналуға тиіс.

ҚазҰУ жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен және АХҚО-мен ынтымақтаса отырып, жаңа техника және заманауи бағдарламамен жабдықталған бірегей ислам қаржылық ғылыми-білім беру орталығын ашты. Ол ислам банкингі және қаржы саласының жоғары білікті мамандарын даярлау базасына айналды. Мұнда биржалық трейдинг дағдыларына, іргелі және техникалық талдау, қаржылық инженерия негіздеріне оқыту жүргізіледі. Исламдық банкинг және қаржыландыру секторы халықаралық деңгейде танымал, барынша тартымды болып табылады, ал іс бұл тиісті кадрларды қамтамасыз етуді талап етеді. ҚазҰУ-да посткеңестік кеңістікте алғаш рет «Ислам қаржысы» білім беру траекториясы бойынша магистрлер мен PhD докторларын даярлау басталды.

Қазақстандық жоғары оқу орны халықаралық стандарттарға сай озық тәжірибе мен білім беру бағдарламаларын, бизнеске адамгершілік және этикалық көзқарас пен айқын әлеуметтік бағыттағы исламдық қаржы құралдарының әлемдік үздік тәжірибелерін қолдануды белсенді түрде енгізуде. Шетелдік әріптестермен бірлесіп қаржыландыру мәселелері бойынша халықаралық сертификаттауға арналған халықаралық семинарлар, тренингтер мен зерттеулер, мамандандырылған курстар өткізілуде.

ҚазҰУ-дың исламдық қаржыландыру және банкинг саласындағы белсенді ғылыми-білім беру қызметі тәуелсіз Қазақстанның жаңа экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда.








Басты сөздер: Білім, ЖОО-лар, Қаржы,
Жоғары қарай