Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазалылық диқан тамшылатып суару әдісімен мол өнім алды

2021 жылдың 19 шілде 2021 13:43

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында жергілікті диқан тамшылатып суару әдісімен мол өнімге негіз қалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті диқан Нұрлыбек Нұрқожаев тамшылатып суару әдісімен 3,5 гектар жерге қарбыз екті. Алғашқы өнім шілде айының басында тұтынушыларға жол тартты. Және оны тұрғындарға қолжетімді бағада сатып отыр.

«Биыл өңірде су тапшылығы мәселесі ерекше сезіліп отыр. Облыс басшылығы тарапынан су үнемделетін дақылдарды егуге маңыз берілді. Сондықтан тамшылатып суару әдісіне көңіл бөлдім. Қарбыздың 55 күнде пісетін «Бомбикс F1» дейтін сортын ектім. Суды үнемдеп қана қоймай, тыңайтқышты да арнайы түтік бойымен жібереміз», - деді Н. Нұрқожаев.

Тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарға 3,7 млн теңге жұмсалған. Оның 2 млн теңгесіне «Бизнестің жол картасы 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткізген. Бағдарлама аясында өзінің инновациялық идеясын қорғап, 2 млн теңге грант ұтып алған.

Ерте піскен қарбызды аудан тұрғындарымен қатар, көршілес Арал және Қармақшы аудандарынан да келіп, сатып алуда. Қарбыздың «Бомбикс F1» деп аталатын сорты бүгінгі таңда екінші рет өнім беріп жатыр. Одан бөлек, жақында «Продюсер» деп аталатын сорты піседі. Ал 1 гектар жерге асқабақ пен қияр да еккен.

«Қазалы ауданында топырақтың сор болуына байланысты бақша егетін шағын шаруаларға жер тегістейтін техника ауадай қажет. Себебі бақшадан мол өнім алу үшін міндетті түрде жер тегіс болып, сумен бірнеше қайтара шайып алу маңызды», - дейді Н. Нұрқожаев.

Диқанның жұмысымен танысқан Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев қолынан іс келетін азаматтарды әрдайым қолдайтынын айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін Арал ауданы шаруаларына жем-шөптің жеткізіле бастағандығын хабарлаған болатынбыз.

Жоғары қарай