Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақтың тілін, ділін жете білмей, ұлтпен етене бола алмаймыз – Ким Федянин

2020 жылдың 1 наурыз 2020 13:08

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақтың тілін, ділін жете білмей, ұлтпен етене бола алмаймыз. Бұл туралы Сырым ауданы Жымпиты ауылында тұратын ардагер ұстаз Ким Федянин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазақ халқына деген адалдық ата қанымен, ана сүтімен берілген.

Атасы Иванның қазақтармен етене болғаны сондай, Күнбатыс Алашордасының жетекшілері Жаһанша, Халел Досмұхамедовтерді қолдап отырған.

Алаш қозғалысының кезектен тыс ІІ съезін өткізу үшін Иван Федянин өзінің трактирін берген. Осында үш күнге созылған жиын өтіп, Алаш қайраткерлері елдің, ұлттың болашағы жөнінде пікір алысады.

Съезд аяқталар тұста И.Федянин сыйлы қонақтарына арнап скрипка тартып береді. Ол кісі классикалық туындылармен қатар «Зәуреш», «Айнамкөз», «Япурай» әндерін де шебер орындай білген.

«Кейін атамыз Алаш қайраткерлерімен сыйлас, сырлас болғаны жөнінде балаларына тіс жармай кетсе де, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бәрі де біртіндеп өз орнына келіп жатыр. Съездің өткеніне де бір ғасырдан асты. Сексен жылдан кейін сол скрипканы Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырдым», - дейді Ким Федянин.

Ким Николайұлының арғы атасы Сергей де Жымпитыда жерленген.

Әкесі Николай өз ауылымен қатар көршілес Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында да басшылық қызмет атқарып, 1950 жылы өмірден өтті. Анасы, Қаратөбе ауданында туып-өскен Кәрима Дәулетбайқызы 1990 жылы дүниеден озды.

«Біз отбасында төрт бала – Борис, Владимир, Надежда және мен едім. Анамыз сол кезде кеңестік партия мектебін бітірген, еті тірі, көзі ашық адам еді. Біздің қазақ тілін еркін меңгеруіміз де ең алдымен сол анамыздың арқасы еді. Қазақ балаларымен бірге ойнап өстік. Ешқашан бөлінген жоқпыз. Қазір қазақтың барлық салт-дәстүрін сақтап отырамыз. Мұсылманшылықты ұстанып, мешітке барып, дұға етіп тұрамын. Анамды, ағам Бористі, ұлым Русланды қазақ зиратына жерледік», дейді жасы сексеннен асқан ардагер.

Ким Федянин 1963 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін туған ауылына оралып, қырық жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етті. Жұбайы, татар қызы Сафура да сол институтты тәмамдағаннан кейін отыз жыл шәкірттеріне дәріс берді. Бес бала тәрбиелеп өсірген ерлі-зайыпты ардагердің ұстаздық жолын қыздары Аида да жалғастырды.

Бүгінде ұстаздар әулетінің басы болып отырған К.Федянин – Сырым ауданының құрметті азаматы. Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепте К.Федянин атындағы физика пәні кабинеті де бар.

«Ұрпақ болашағы ең алдымен тәрбиеге байланысты. Жастар тәрбиесін ақсатып алсақ, міне, содан опық жейміз. Бұл жөнінде көп айтуға болар еді. Ең бастысы, бір атаның баласындай, татулық діңгегін берік ұстай білсек, бізді ешбір жау ала алмайды. Ол үшін қазақтың тілін біліп, жүрегін түсіну керек. Сонда ғана бір-бірімізбен етене жақын боламыз», деді ардагер ұстаз.


Жоғары қарай