Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Қазақтың көрісу  дәстүрі бізге де жат емес –Атыраудағы өзге этнос өкілдері

2020 жылдың 14 наурыз 2020 19:06

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Қазақтың Көрісу дәстүрі бізге де жат емес. Бірлік пен берекеге бастайтын бұл күнді Атырауда тұратын өзге этнос өкілдері де асыға күтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Соның бірі –«Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі. Оған көп жылдан бері жетекшілік ететін Гүлсина Байкенова бірлестік жанындағы би үйірмесіне тек татар-башқұрт этносының ғана емес, Атырауда тұратын барлық ұлттың балаларын қабылдаған.

«Қазақ халқының татулық пен бауырмалдыққа үндейтін Көрісу дәстүрі бізге де жат емес. Өйткені, бұл бір күнмен ғана шектелетін шара емес. Көпшілік осы күнгі шат-шадыман көңілмен Наурыз мерекесін де қарсы алады. Көрісу –тамыры тереңге жайылған қазақ халқының ұлттық рухының биіктігін, сат-дәстүрі мен мәдениетінің беріктігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін тағылымды шара. Сол себептен, біз де Көрісуді татулық пен бірліктің, ізеттілік пен мейірімділіктің, кішіпейілдіктің мерекесі ретінде асыға күтеміз. Әсіресе, жастардың үлкенге құрмет көрсететін ізеттілігі баршамыз үшін өнеге болары даусыз.

Бұл күні біздің отбасымызда да мереке бастау алады. Мерекелік көңіл-күй бар адамға ерекше әсер етеді ғой. Табиғаттың жаңарып, жазиралы кең даланың бусанып жататынындай, Көрісуден бастау алған жаңару белсенді еңбек етуге, жаңа идеяларды іске асыруға деген құлшынысты арттыра түседі. Әсіресе, шығармашылық саласының өкілдеріне керемет шабыт сыйлайды» -деді «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова.

Ал, Махамбет ауданында тұратын Лидия Чугунова да Көрісудің ұлтаралық достықты нығайтуға оң ықпалы барына тоқталды.

«Біздің ауданда қазақтың сырлас досына, мың жылдық құдасына айналған өзге ұлттың өкілдері көп. Біз бір-бірімізді ешқашан жатсынған емеспіз. Ал, қазақ халқы қай кезде де өзге этносты дархан көңілімен, қонақжайлығымен бауырына тартып келеді. Әсіресе, Көрісу күнінің біз үшін маңызы зор. Өйткені, бұл күні жастар үлкенге қос қолын ұсына көрісіп, үлкендер өзіне кішілерге «Жасың құтты, ғұмырың ұзақ болсын!» деп батасын береді. Елге жақсылық тілеп жатады. Бір-бірімен төс түйістіре көріскен баршаның тілеуі де бір. Бұл –ел бірлігінің нығаюы, тұрмыстың жақсаруы.

Міне, бір-біріне ақжарма тілек айтылатын Көрісудің осындай тағылымдық мәні бар. Ең бастысы, бұл күні пенде болған соң, ара-тұра кездесетін өкпе-реніштің бәрі ұмытылады. Осы күннен бастап көрші-қолаңмен аралас-құраластық бұрынғыдан да беки түседі. Осының бәрі жас буынға үлкен үлгі-өнеге емес пе», -дейді Лидия Чугунова.


Жоғары қарай