Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 402.37
EUR 449.81
RUB 5.86
CNY 56.67

Қазақстанның тоғыз қаласында биологиялық қорғаныс бөлімшелері дезинфекциялады

2020 жылдың 31 наурыз 2020 16:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз қаласында орналасқан нысандар мен олардың аумағын Қарулы күштердің биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің әскери қызметшілері арнайы залалсыздандыру жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Майнданда жаппай жою қаруынан қорғаумен айналысатын әскерилерді азаматтық қорғаныс жұмыстарына тарту – бұл қажеттілік. ҚР Президенті – Қарулы күштердің Жоғары Бас қолбасшысының тапсырмасына сәйкес дезинфекциялау жұмыстарының аумағы кеңейтіліп, биологиялық қорғаныс бөлімшелерінің саны арттырылды.




Нұр-Сұлтан қаласында дезинфекциялау қалай жүргізіліп жатқанын Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тексерді. Әңгімелесу барысында ол әскери қызметшілердің Қазақстан азаматтарының денсаулығы сақтауда атқаратын жұмыстары маңызды және ауқымды екендігін айтып өтті.

«Әскерилердің ерекшелігі – бейбіт кезде ісі көрінбейді тек, қиын кезде көмекке келетіндігінде», – деді Нұрлан Ермекбаев сап түзеген сарбаздар мен сержанттарға айтқан сөзінде. Елімізде қажетті шаралар жасалып, инфекцияға қатысты жағдай бақылауға алынған, бірақ сақ болып, сабырлық таныту қажет.







«Сіздерге басшылық қана қарап отырған жоқ, туған-туыс, дос және барлық қазақстандықтар құрметпен қарап, үміт артып отыр», – деді министр.

Әскери қызметшілердің саулығын қорғауға да аса мән беру керек. Бір жауынгер ауырып қалса бөлімшенің ғана емес, бүкіл әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келуі мүмкін. Әскерилер барлық санитарлық-гигиеналық нормалардың талаптарын қатаң сақтап, індеттің алғашқы белгісін білуі қажет және ондай байқалған кезде басшылыққа жедел түрде баяндауы тиіс.







Әскерилерге түскен ауыртпалық ескеріліп, тағам рационына витаминдер қосылып өзгертіледі. Олар күн сайын моншаға барады, киімін арнайы сұйықпен тазалайды, сондай-ақ жеке гигиена құралымен уақытылы қамтамасыз етілген. Жұмыс барысында әскерилер далада көп уақыт өткізетіндіктен секторларда арнайы биодәретхана және сол маңдағы ғимараттарға кіріп-шығуына мүмкіндік беру қарастырылып жатыр.




Экологияға залал келтірмеу үшін жұмыста пайдаланылатын ерітінді дайындаудың әдісін бақылау міндеттелген. Дезинфекцияланатын нысан мен аумақ толықтай өңделуі тиіс. Одан басқа құралдарды ауыстыру мен жөндеу мәселесі де шешілуде.

Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери қызметшілерге алғыс айтты, оның ішінде түнде қаладағы ірі нысанды және қала маңындағы кенттегі індет ошағын шұғыл дезинфециялағандарға да алғыс білдірді.





Басты сөздер: Әскер, Аймақ, Коронавирус,
Жоғары қарай