Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанның мұнай-газ-химия саласының дамуын айқындайтын ұлттық жоба керек - сенатор

2020 жылдың 22 қазан 2020 14:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның мұнай-газ-химия саласының дамуын айқындайтын ұлттық жоба керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған сенатор Сағындық Лұқпанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан 12жыл бұрын Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленген болатын. Алайда, 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі бағдарламаның қабылдануына байланысты алдыңғы құжаттың қолданылуы тоқтатылды.Аталған мұнай-газ секторын дамыту бағдарламасы мұнай-газын өндіру және көмірсутектерді тасымалдауына басты назар аударылып, мұнай-химия өнеркәсібінің дамытуы және реттеуі күтілген көрсеткіштер енгізілген жоқ. Соның салдарынан бірінші бағдарламада көзделген этилен-гликоль, терефталь қышқылы, этил-бензол, поли-винил-хлорид, полис-тирол, полиэтилен-тереф-талат және бензол өнімдерін шығару іске қосылмай қалды», - деді ол.

Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда көмірсутекті ресурстары бар көршілес бірқатар елдер өздерінің басымдылығын іске асырып, мұнай-газ-химия өнеркәсібін қарқынды дамытуда. Мысалы, Ресейде жылына 5,5 млн тонна полиэтилен мен полипропилен өндіретін 12 мұнай-газ химия кешені жұмыс істейді. Жалпы қуаты жылына 7 млн тоннаға дейін болатын тағы алты мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластер салу жоспарлануда. Әзірбайжанда полиэтилен және полипропилен өндіру қуаты жылына 300 мың тонна, Түркіменстанда – 550 мың тонна, Өзбекстанда – 600 мың тоннадан астамды құрайды. Ал, Қазақстанда жылына небәрі 70 мың тонна полипропилен өндіріледі.

«Мұнай-газ-химия саласының өнімі мультипликативті тиімділік беретіні белгілі – полимерлі шикізат. Одан тоңазытқыштар, кондиционерлер, автомобильдерге арналған компоненттер, құрылыс және қаптама материалдары, тағы басқа өнімдері шығарылады. Салада құрылған бір жұмыс орны жеті қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, салынған бір доллар 2,3 доллар өсімді қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, әлемдік жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 3 пайыз көрсетсе, мұнай-газ-химия саласы 4,4 пайыз озық өсу қарқынын көрсетіп отыр. Сарапшылардың болжамдарына сәйкес 2030 жылға қарай 7 пайыздан асады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, көрсетілген әлемдік трендтерге және ондаған жылдар бойы экономиканы әртараптандырудың саясатына қарамастан, Қазақстан мұнай-газ-химия саласын дамытуда белсенділік танытып отырған жоқ.

«Елімізде мұнай-химия мен газ өңдеуді жоғары технологиялар болмауы, «ни в какие ворота не лезет», - деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айқын атап өтті. Орташа және ұзақ мерзімді перспективада көмірсутегі ресурстарына ие елдер үшін мұнай-газ-химия өнімдері экспорттың негізіне айналатынын назарға ала отырып, Қазақстан бәсекелестерден артта қалуды азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл үшін Қазақстанның мұнай-газ-химия саласының дамуын айқындайтын ұлттық жоба түрінде жекелеген директивалық құжаттың қабылдануы керек. Қабылданатын ұлттық жоба: табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға; қосылған құны жоғары және түпкілікті отандық полимер өнімін өндіруге – импортқа тәуелділікті төмендетуге және жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді«,- деді С.Лұқпанов.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Сенат, Мұнай,
Жоғары қарай