Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанға резервтегі әскери қызмет не үшін қажет

2021 жылдың 31 қазан 2021 18:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде резервтегі әскери қызметкерлерді қайта даярлау қолға алынады. Ол үшін резервтегі әскери қызмет туралы заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Осы орайда аталған әскери қызмет не үшін қажет және оның пайдасы қандай? Бұл сұраққа ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің өкілі, подполковник Бейбіт Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шет мемлекеттің резервтегі қызмет тәжірибесі Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығы мен ұтқырлығын арттырады. Резервтегі қызмет енгізу әскерлерді адам ресустарымен кепілді жасақтау үшін сонымен қатар жауынгерлік әзірленген күштерді дайындау үшін қажет. Одан бөлек, әскери бөлімдерді өрістету мерзімін қысқартады. Жалпы резервтегі қызмет Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын нығайта түседі», - деді Бейбіт Сүлейменов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, спикер әскери міндетті азаматтар үшін бұл қызметтің қандай пайдасы барын айтты.

«Резервтегі қызметтің Қарулы Күштер мен азаматтар үшін бірқатар пайдасы бар. Азаматтарды алсақ, олар әскери резервтегі қызметте жүріп жұмыс орны және бұған дейінгі лауазымын сақтап қалады. Сол сияқты әскери жиын және 2-3 күндік жауынгерлік сабақ өту кезінде олар киім-кешек, азық-түлік және тұратын жермен қамтамасыз етіледі. Және медициналық қажеттілікпен де қамтамасыз етіледі. Тағы бір маңызды жайт, резервтегі әскери қызметте жүрген мерзім қызметкердің жалпы еңбек өтіліне саналады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, аталған әскери қызметтің іске қосылатыны биыл жазда белгілі болды.

Құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасы.


Жоғары қарай