Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандықтардың салық қарызы 23 млрд теңгеге жетті

2021 жылдың 16 тамыз 2021 20:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеке меншіктегі мүлік бойынша салық берешегінің сомасы 23 млрд теңге болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, елімізде көлік салығы бойынша жалпы берешек сомасы 21,5 млрд теңге, оның ішінде негізгі сомасы 17,5 млрд теңге, өсімпұлы - 3,9 млрд теңгеге жеткен.

263 802 жеке тұлғаның мүлік салығы бойынша берешегі 1,1 млрд теңге, оның ішінде негізгі сомасы 877,1 млн теңге, өсімпұлы - 269,9 млн теңге.

Сонымен қатар, 261 801 жеке тұлғаның жер салығы бойынша қарызы 409,5 млн теңге, оның ішінде негізгі сомасы 282,7 млн ​​теңге, өсімпұлы - 126,8 млн теңге.

Комитеттің түсіндіруінше, салық заңнамасы бойынша салық міндеттемесінің орындалуын кешіктірген әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі, ал айыппұлдарды қолдану заңда көзделмеген.

«Сонымен қатар, салық міндеттемесі орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, салық органдары салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алуды қамтамасыз ету үшін салық заңнамасында көзделген әдістерді қолдануға міндетті.

Бұл ретте салық заңнамасы банктердің салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге (заңды тұлға, жеке кәсіпкер, жеке тұлға) банктік шот ашудан бас тарту міндеттемесін көздейді», делінген хабарламада.

Бұл ереже мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға арналған банк шоттарына, білім беру жинақ салымы шарты бойынша банк шоттарына қолданылмайды. Яғни, егер банк шоты жеке тұлға осы мақсаттар үшін ашса, онда мұндай адамның салық берешегі болса да, банк оны ашудан бас тартуға құқылы емес.

«Бұдан басқа, Салық кодексіне сәйкес салық берешегі 1 айлық есептік көрсеткіштен артық мөлшерде төленбеген жағдайда, салық берешегі туралы хабарлама берілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде төленбеген жағдайда салық органы сәйкес салық бұйрығын шығарады және оны Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және оның мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аймақтық жеке сот орындаушылар палатасына немесе әділет органдарына мәжбүрлеп орындау үшін жібереді», делінген хабарламада.


Басты сөздер: Көлік, Салық,
Жоғары қарай