Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық жастардың шетелге кетуіне не себеп

2021 жылдың 29 қазан 2021 19:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел жастарының шетелде тұруға құмартуының себебі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар мәселесін зерттеудің бір бөлігі көші-қон мен мобильділік тақырыбына арналды. Біз халықтың, әсіресе интеллектуалдық бөліктің сыртқа кету ағынын байқап отырмыз. Жастардың көбісі Қазақстанда жоғары білім алып, еңбек еткісі келеді. Дегенмен сапалы білімді шетелде алғысы келетіндер де аз емес. Статистикаға сүйенсек, қазақстандық жастардың 62 пайызы елден кеткісі жоқ. Ал 12 пайызы шетелге кеткісі келеді», - деді «Қазақстан жастары: құндылықтарды, болжамдарды, талпыныстарды бағалау» атты зерттеу жобасы авторларының бірі Дина Шәріпова.

Сондай-ақ, спикер жастардың шетелге құмартуының себебін түсіндірді.

«Біріншіден, жақсы өмір сүру. Зерттеуге қатысушылардың 25 пайызы осы себепті атап көрсетті. Екіншіден, шетелде сапалы білім берілетіндігі аталды. Және бір себеп - өзге мәдениетпен танысу. Сонымен қатар жоғары жалақы төлеу де ықпал етіп отыр», - дейді ол.

Одан бөлек, зерттеу барысында қазақстандық жастардың ішкі саясатқа аса қызықпайтыны белгілі болды.

«Зерттеуге қатысушылардың 80 пайызы отандық саясатқа қызығушылық танытпайтындығын жеткізді. Олар үшін саясат тақырыбы қызық емес. Тек 3 пайыз жастар ғана саясатқа жақын екендіктерін жеткізді», - деді Д. Шәріпова.

Айта кетейік, бүгін елордада 14 пен 29 жас аралығындағы қазақстандық жастар арасында жүргізілген зерттеу қорытындыланды. Жобаны «BISAM Central Asia» орталығы жүргізді.


Жоғары қарай