Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық жас теннисші Грузияда өткен турнирдің чемпионы атанды

2021 жылдың 14 маусым 2021 00:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Әмір Омарханов Грузия астанасы Тбилисиде жасөспірімдер арасында өткен Tennis Europe14&U үшінші санаттағы турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, көптен бері бірінші рет Еуропадағы осындай жарыстың финалында қос қазақстандық, қарағандылық Әмір Омарханов пен алматылық Артем Сидоров бас жүлдені сарапқа салды.

Жартылай финалда Әмір аталмыш доданың 3-ракеткасы, ресейлік Михаил Сапожниковті тас-талқан етті – 6:0, 6:0. Артем белоруссиялық Тимофей Глушконы 6:1, 6:2 есебімен оңай жеңді.

Финалда бірінші партия тартысты өрбіп, онда брейк жасаған Ә.Омарханов 7:5 есебімен басым түсті. Екінші сетті де Қарағанды теннис мектебінің түлегі өз есебіне жазды – 6:2.

Ә.Омарханов пен А.Сидоров жұптық сында да финалға шығып, тартысты өткен соңғы бәсекеде белоруссиялық Станислав Бульбинко мен украиналық Игорь Соловейге 4:6, 6:3, 7:10 есебімен есе жіберді.

Тбилисидегі табысы арқасында Ә.Омарханов жасөспірімдер арасындағы Еуропа рейтингісінде бірден 193 сатыға жоғарылап, қазір 412-орында тұр.

Бұл – Әмірдің биылғы осындай екінші жеңісі.

Бұдан бұрын оның Түркиядағы турнирде жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Тимофей Скатов Алматы турнирінің финалында жеңіліп қалды.
Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай