Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық өнертапқыш жасаған ұшақты америкалық Boeing компаниясы сатып алды

2021 жылдың 31 мамыр 2021 21:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әділет министрлігі 2013 жылдан бері елдегі өнертапқыштарға қолдау көрсету үшін «Шапағат» форумын өткізіп келеді. Осы форумның өнертабыс саласына қандай серпін әкелгенін ведомствоның Зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры Мейіржан Төлепов ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

- Мейіржан Шерманұлы, әуелі «Шапағат» республикалық форумы туралы айтып беріңізші. Қашаннан бері өтіп келеді, мақсаты қандай?

- 2017 жылы «Шапағат» республикалық форумы» интернет-платформасы құрылған болатын. Бұл платформа бірқатар конкурстарды біріктірді. Олардың ішіне «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағын беру жөніндегі байқау, «Шапағат» өнертапқыштар байқауы, Nazarbayev Fund Schools Challenge жоғары сынып оқушылары арасындағы тағы да басқа байқау кіреді.

Форумның мақсаты – өнертапқыштық қызметті насихаттау және қолдау, қоғамды осы сала туралы көбірек құлақтандыру.

Форум аясында жас жеткіншектер арасында байқаулар өткізіліп жүр. Мысалы, оқушылар арасында Nazarbayev Fund Schools Challenge және «Болашақ сенің қолыңда: ойлап тап та, жаса» атты үздік эссе байқаулары өткізіледі.

- Сіздерде үздік атанғандар халықаралық байқауларға жолдама ала ма сонда?

- Иә, Қазақстанды қоса алғанда 8 ел мүшесі болып саналатын Еуразиялық патенттік ұйым шеңберінде үздік өнертабыс иелеріне жыл сайын В.И. Блинников атындағы алтын медаль беріледі.

2020 жылы осы медальді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының және Ресей ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, Сәтбаев университетінің профессоры, Тау-кен және мұнай ісі саласындағы өз әзірлемелерімен танымал Төрегелді Шарманов жеңіп алды.

- Ал жастардан үздік танылғандар бар ма?

- Nazarbayev Fund Schools Challenge байқауына қатысушы жастардың, жоғары сынып оқушыларының аяқ алысы жаман емес. Осы байқаудың жеңімпаздарының бірі Евгений Демиденко бірнеше рет өз идеясын сәтті жүзеге асырды деуге болады. Конкурста тапсырманы сәтті орындап, ұшақтың жаңа тұжырымдамалық үлгісін жасаған болатын. Кейін оны америкалық Boeing Company сатып алды.

«Шапағат» өнертапқыштар конкурсына химия, техникалық және тамақ өнеркәсібі, гидроэнергетикалық және санитарлық-гигиеналық салалар, тіпті спорт бойынша да тың иедялар ұсынылып жатады.

Былтыр sms-дауыс беру бойынша Алматы қаласынан Айдос Садықовтың ұлттық спорт ойындарында аттың орнына арналған құрылғысы ең көп дауыс жинады.

Екінші орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің химиялық зерттеулер және технологиялар институтының директоры, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазов иеленді. Ол күріш қауызы мен мұнай шламынан белсендірілген көмір алу тәсіліп ойлап тапқан болатын. Осы арқылы салалық қалдықтарды қоршаған ортаға зиян келтірместен пайдалы модельге айналдыру тәсілін ұсынды.

- «Шапағат» форумында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағы беріліп жүр. Бұл атақты қандай өлшемдер бойынша бересіздер?

- «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнертапқышы» атағы мемлекеттік маңызы бар және өндіріске енгізілген аса маңызды және кеңінен пайдаланылатын өнертабыстардың авторларына техникалық прогреске және көпжылдық жемісті өнертапқыштық қызметке үлкен үлес қосқаны үшін беріледі.

Атақ жыл сайын өткізілетін конкурс нәтижелері бойынша беріледі. Комиссияның жұмыс органы – Ұлттық зияткерлік меншік институтының сараптама ұйымы.

Өтінімді мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар немесе қоғамдық бірлестіктер, өнертабысты (өнертабысты) өндіріске енгізген кәсіпорындар, мекемелер немесе ұйымдар бере алады. Ұсынылған өтінішхаттар комиссияға келіп түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде қаралады. Ең көп балл жинаған тұлғаға немесе тұлғаларға комиссия «Еңбек сіңірген өнертапқыш» атағын беру туралы шешім қабылдайды.

- Бұл атақ неше адамға берілді?

- Аталған байқауды Әділет министрлігі 2013 жылдан бері өткізіп келеді. 7 жылдың ішінде 27 жеңімпаз іріктеліп, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» деген атақ алды.

- Covid-19 індеті конкурсқа кедергісін тигізіп жатқан жоқ па?

- «Шапағат» форумы онлайн платформада өтетіндіктен, ешқандай кедергі жоқ. Оқушылар арасындағы Nazarbayev Fund Schools Challenge байқауын ғана тоқтатуға тура келді. Бұл конкурстың жеңімпаздары Ұлыбританиядағы Кренфилд университетіне апталық оқу-танымдық саяхта жасайтын. 2017-2019 жылдар аралығында Кренфилдке Қазақстаннан 120 оқушы барды.

- Қазақстанда өз өнертабыс арқылы табыс табу қаншалықты мүмкін дүние?

- Зияткерлік меншікті коммерцияландыру мәселесі көп адамды алаңдатады. Өнертабыстан немесе өнеркәсіптік меншіктің басқа объектісінен пайда алу техникалық шешімді өнеркәсіптік пайдалануға енгізілгеніне ғана тәуелді деген жаңсақ түсінік бар. Соңғы 3 жылда «ҰЗМИ» РМК-да өнеркәсіптік меншік объектілеріне 1725 шарт тіркелді. Оның ішінде 50 өнертабысқа айрықша пайдалану құқығы берілді.

Патент иелері өз өнертабысының өндіріскеөз күшімен енгізген жағдайлар да болады. Мысалы, «PROTOM» ЖШС Қарағанды кәсіпорны отандық патент негізінде жылу алмасу модульдерін орнатты. Бұл кәсіпорынның өнертапқышы және жетекшісі 9 жылдан астам уақыт бойы өз өнімдерін сәтті жүзеге асырып келе жатыр. Аталмыш техникалық шешім Еуразиялық патентке де ие болған. Осылайша, қазақстандық патент иеленуші өз идеясын Еуразиялық патенттік ұйымның басқа елдерінде де коммерцияландыра алады.

-Әңгімеңізге рақмет


Жоғары қарай