Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық меценаттар туған жерлеріне 270 млрд теңгеге көмек көрсетті

2020 жылдың 13 тамыз 2020 14:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылған үш жылдың ішінде 12 мың мецанат туған жерлеріне 270 млрд теңгеге көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы ретте «Рухани жаңғыру« бағдарламасының «Туған жер« жобасын, оның меценаттықты дамыту бағыты туралы арнайы атап өткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылдан бастап министрлік «Жомарт жүрек« сыйлығын тағайындап, жыл сайын қайырымдылыққа жаны жақын азаматтарға ұсынып келеді. Олардың ішінде әрине, туған өлкесіне ерекше үлес қосып жүрген тұлғалардың орны бөлек. Бағдарламаны іске асырудың 3 жылында осындай 12 мың меценат азаматтарымыздың демеушілігімен 270 млрд теңгенің жұмысы атқарылды», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, меценаттар аталған қаражатқа 2 600-ден астам түрлі әлеуметтік маңызы бар рухани нысан салып, 2 142 нысанды қайта жөндеуден өткізген.

«Биылғы қиындықтарға қарамастан 2 131 демеуші азаматтың арқасында еліміздің әр аймағында 228 нысан салынды. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет нысаны, 36 спорт алаңы, 31 балалар алаңы және басқалары бар. Әрине, бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген үміттеміз. Ол үшін министрлік тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да қажетті жағдай жасалатын болады», - деді Болат Тілепов.


Жоғары қарай