Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандық фильм екі бірдей беделді кинофестивальге қатысады

2020 жылдың 28 қыркүйек 2020 01:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Режиссер Фархат Шәріповтың «18 килогерц» атты фильмі екі бірдей беделді кинофестивальге қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық режиссер Фархат Шәріпов түсірген «18 килогерц» атты жаңа көркем фильмнің әлемдік тұсаукесері Орталық және Шығыс Еуропаның ең беделді фестивальдерінің бірі – 36-шы Халықаралық Варшава кинофестивалінің (WFF) негізгі байқауы шеңберінде өтеді. Бұл туралы кинотуындының креатив жөніндегі продюсері Юлия Ким хабарлады.

«18 килогерц» - 90-жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірінен сыр шертетін фильм.




«18 килогерц – ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдер проблемаларына арналған... Есейе келе жыл сайын жас буынның қиындықтарын түсіну қиындап бара жатыр. Өзіміз де жасөспірім болдық, кей проблемалар шешілмейтіндей болып көрініп еді. Тіпті тығырықтан шығатын жол таба алмай, тұла бойыңды қорқыныш билеген кездер де болды. Біздің фильм сол кездерді еске түсіру үшін арнайы түсірілді», - деді режиссер Фархат Шарипов.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы қаласында өтті. Басты рөлдерді Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со есімді жас дебютант-актерлер сомдады.

Әлемдегі ең беделді кино байқаулардың бірі – Варшавадағы Халықаралық кинофестивальдің негізі 1985 жылы қаланған болатын. Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының федерациясы шешімімен 2009 жылы бұл фестивальге «А» санаты берілген болатын.

Биыл коронавирус пандемиясына қарамастан Варшава кинофестивалі 9-18 қазан аралығында әдеттегі дәстүрлі форматта өтеді.




Одан бөлек, отандық «18 килогерц» фильмі Азиядағы ең ірі фестивальдердің бірі – 21-30 қазанда өтетін 25-ші Халықаралық Пусан кинофестивалінің (BIFF) конкурстық бағдарламасына қатысады. Кинотуынды «Азия киносына терезе» (A Window on Asian Cinema) атты бағдарламасында көрсетіледі.













Автор Жанат Қапалбаева
Басты сөздер: Мәдениет, Өнер,
Жоғары қарай