Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстандық екі боксшы қыз әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

2022 жылдың 18 мамыр 2022 19:44

НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат - Ыстанбұлда әйелдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде қазақстандық екі боксшы қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2016 жылғы әлем чемпионы Валентина Хальзова 70 келіге дейінгі салмақта Мозамбик елінің өкілі Алсина Хелена Пангуанмен шеберлік байқасты.

Жекпе-жекті тәп-тәуір бастаған Валентина соңғы раундта нокдануға түсіп қалды.

Сөйтіп Мозамбик боксшысы өз елінің тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалына шықты.

Сондай-ақ бүгін Ақмола облысының өкілі Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда тайбэйлік Линь Юй Тинмен рингке шықты.

Бұл жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шешімімен 2018 жылғы әлем чемпионы Линь Юй Тиннің мерейі үстем болды – 5:0.

Осылайша, К.Ибрагимова өзінің спорттық жолында екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Бүгін кешкі сессияда тағы бір қазақстандық Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта румыниялық Лакрамиоара Перишочпен жұдырықтасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алуа Балқыбекованың әлем чемпионатының финалына өткенін жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Бокс,
Жоғары қарай