Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 4 қаңтар 2020 12:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада еліміздегі бірқатар салада кадрлық ауыс-түйіс болды. «ҚазАқпарат» ХАА апта ішінде болған тағайындауларға шолу жасайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Мирас Дәуленов Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Мирас Дәуленов 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған, құқықтану магистрі, құқық саласындағы доктор (PhD).

Еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Әртүрлі жылдары заңгер ретінде жеке секторда жұмыс істеген.

2012 жылғы тамызда «Қазақ Гуманитарлық Заң университеті» АҚ Халықаралық құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

2015-2018 жылдары М. С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің С. Зиманов атындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер Академиясының директоры – Басқарма Төрағасының орынбасары.

2018 жылдан бастап қазіргі таңға дейін М. С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің С. Зиманов атындағы құқықтық және экономикалық зерттеулер академиясының директоры болған.

***

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Азамат Батырқожа ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Азамат Батырқожа 1972 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ф. Дзержинский атындағы әскери академияны және «Тұран-Астана» университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1995 жылы бастаған.

Түрлі жылдары корпоративтік секторда, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде, ҚР Ұлттық банкінде, «Қазақтелеком» АҚ-да, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінде, «Самұрық-Қазына» тұрақты даму қорында жұмыс істеген.

2015-2017 жылдары – ҚР ИДМ Технологиялық және инновациялық даму департаментінің директоры.

2018-2019 жылдары – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президенті.

2019 жылдың ақпан айынан бастап желтоқсанға дейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарды.

***

Атырау облысындағы денсаулық сақтау басқармасының басшысын болып Байтолла Ғазизов тағайындалды.

Байтолла Ғазизов – жоғары білімді, Ақтөбе мемлекеттік медицина университетін бітірген. Еңбек жолын Атырау облыстық ауруханасында дәрігерліктен бастаған.

Индер, Құрманғазы аудандарында отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларда жұмыс істеген. Туберкулезге қарсы ауруханада, кейін Құрманғазы аудандық ауруханасында бас дәрігері болды. Медициналық және фармацевтік қызметтерді бақылау комитетінің Атырау облысындағы департаментін басқарды. Б.Ғазизов бүгінге дейін әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры қызметін атқарған.

***

Қалел Мақсұтов Қарағанды облыстық жер қатынастары басқармасына басшы болып тағайындалды.

Қалел Мақсұтов 1964 жылы 23 мамырда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылында дүниеге келген, білімі жоғары. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «құқықтану» және «экономика бакалавры» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қарқаралы автокөлік кәсіпорнының жүргізушісі болып бастады.

1999 жылдан 2009 жылға дейін Атырау облысының әртүрлі мекемелерінде жұмыс істеді.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары, Жылыой ауданы Құлсары қаласының әкімі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары, жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

2009-2011 жылдары Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болды. Сегіз жыл бойы, 2011 жылдың мамырынан 2019 жылдың желтоқсанына дейін Қарқаралы ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

***

Украин маманы Вячеслав Грозный қарағандылық «Шахтер» футбол клубының жаңа бас бапкері болып тағайындалды.

Ол кеншілер командасына бір жыл жетекшілік ету жөніндегі келісімшартқа қол қойды.

63 жастағы маманның соңғы жұмыс орны – украиндық «Арсенал-Киев» клубы. Вячеслав Грозныйдың Украина, Ресей, Болгария клубтарында үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Қазақстанда қостанайлық «Тобыл» мен павлодарлық «Ертісте» атқарған қызметімен белгілі.

Сондай-ақ Грозный өзінің бапкерлік мансабында болгарлық «Левски», ресейлік «Терек», грузиялық «Динамо» және украиндық «Арсенал» (Киев), «Металлург» (Запорожье) және «Гверла» клубтарын жаттықтырған.

***

Ғабит Тәжімұратов Nur-Sultan халықаралық әуежайының жаңа басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін Ғабит Тәжімұратов әуежайдың басқарма төрағасының инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бойынша орынбасары болып қызмет еткен.

Ғабит Қалиұлы Тәжімұратов 1972 жылы 23 наурызда дүниеге келген. 1997 жылы Мәскеу мемлекеттік авиациялық техникалық университетін (Мәскеу, РФ) Ұшу аппараттары мен авиациялық қозғалтқыштарды техникалық пайдалану мамандығы бойынша, 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (Алматы, Қазақстан) Құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

2018 жылы «IBS Astana» және «EU» Халықаралық бизнес мектебінде білім алған.

Еңбек жолын 1993 жылы Мәскеудегі 5-ші жөндеу-пайдалану басқармасында жұмысшы болып бастаған.

2008 – 2010 жж. – ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және көлік-коммуникация кешенін дамыту департаменті азаматтық авиацияны дамыту басқармасының бастығы, 2010 – 2014 жж. ҚР Президентінің Іс басқармасы Ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің көліктік қамтамасыз ету секторының меңгерушісі, 2014 –2015 жж. – «Airport Management Group» ЖШС Бас директорының орынбасары, 2015 – 2019 жж. «Астана халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, операциялық қызмет жөніндегі басқарушы директор, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі басқарушы директор болған.

2019 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

***

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Ләззат Жылқыбаева білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ләззат Жылқыбаева еңбек жолын 1996 жылы №1 Алматы қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы болып бастаған. Әр жылдары ол мұғалім, колледж директорының орынбасары, Алматы қаласы білім басқармасының маманы және бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Осы уақытқа дейін Ләззат Жылқыбаева Алматы қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды.


Жоғары қарай