Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 24 наурыз 2019 14:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтатып, еліміздіңекінші Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықталды. Айта кетерлігі, Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы мәртебелерін сақтап қалды. Республиканың орталық және жергілікті атқарушы органдарында маңызды тағайындаулар орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде осы және өзге де тағайындауларды оқырман назарына ұсынады.

20 наурызда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында Республика Президенті өкілеттігін атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда туған, қазақ.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Бейжің лингвистикалық институтын (ҚХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Саяси ғылымдарының докторы. РФ Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы, Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі. Дипломатиялық дәрежесі - Төтенше және Өкілетті Елші. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрі. Үшінші, төртінші сайланымдағы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысы қызметтерін атқарған. 2013 жылғы 16 қазанда ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаттығына тағайындалып, Сенат төрағасы болып сайланды. 2017 жылғы 14 қыркүйекте ҚР Парламенті Сенатының отырысында Президенттің ұсынысы бойынша жасырын дауыс беру арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың төрағасы болып қайтадан сайланды.

Ерлан Баттақов Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқарушысы қызметіне тағайындалды.

Ол 1969 жылғы 9 қазанда Қарағанды қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. ҚР Президенті Іс басқармасының бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімі қаржы - талдау секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, қаржы-экономикалық бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті Іс Басқарушысының орынбасары болған. 2017 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқарушысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Нұрлан Онжанов Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы қызметіне тағайындалды.

Нұрлан Баймолдаұлы 1960 жылы 25 қарашада Алматы облысында дүниеге келген. Гумбольдт атындағы Берлин Университетінің филология факультетін бітірген. ҚР Сыртқы істер министрлігі Экономикалық саясат департаментінің директоры, ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ТМД істері комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы қызметінің мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық үйлестірушісі, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, ҚР Президентінің көмекшісі, Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Дания Корольдігіндегі елшісі қызметін қоса атқарушы болған. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерейтойлық 5 медальмен марапатталған.

Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болды.

Тимур Мұратұлы 1978 жылы 5 сәуірде туған. Павлодар мемлекеттік университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мэриленд университетін бітірген. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2010 жылдан бастап 2012 жыл аралығында - Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі. 2012 жылғы 1 ақпаннан бастап осы тағайындауға дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі)​​ болды. Ұлттық экономика министрі, Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Мемлекет басшысының Өкімімен Берік Уәлиұлы Құрманғали Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды.

Берік Уәлиұлы 1977 жылы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын журналистикадан бастап, бірқатар отандық телеарнада жұмыс істеген. «Хабар» агенттігінде «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, «Үкімет пен әлеумет» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі болып еңбек етті. ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары - баспасөз қызметінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры, Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Дариға Назарбаева жасырын дауыс берудің нәтижесінде ҚР Парламенті Сенатының төрайымы болып сайланды.

Дариға Нұрсұлтанқызы 1963 жылғы 7 мамырда туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Саясаттану ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. «Парасат», II дәрежелі «Барыс», Француз мемлекетінің әдебиет және өнер ордендерімен, «Нұр Отан» ХДП-ң «Белсенді қызметі үшін» медалімен, ҚР Конституциялық Кеңесінің «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен және мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары қызметінен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалған.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Пернешұлы Қожамжаров Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Қайрат Пернешұлы 1965 жылы дүниеге келді. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. 1987 жылдан бастап 1995 жылға дейін ҚР прокуратурасының органдарында қызмет еткен. Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығы, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары, төрағасы қызметін атқарды. Ақмола облысының әкімі, ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, ҚР Бас прокуроры болды. Қаржы полициясының генерал-майоры. ІI дәрежелі «Даңқ» орденімен, Ресей Федерациясының «За нашу победу» орденімен және бірқатар медальмен марапатталған.

Ақмола облысының әкімі лауазымына Ермек Боранбайұлы Маржықпаев тағайындалды.

Ермек Боранбайұлы 1969 жылы 29 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында (бұрынғы Целиноград) қаласында дүниеге келдi. С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын, «Тұран» университетiн, Көкшетау университетiн бітірген. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болды. Аршалы ауданының, Зерендi ауданының әкiмi болып жұмыс істеді. Ақмола облысы әкiмiнiң құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары мәселелерi жөнiндегi орынбасары қызметiн атқарды. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Көкшетау қаласының әкiмi болған еді. «Құрмет» орденiмен, бірқатар медальмен марапатталған.

Солтүсті Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Марат Тасмағанбетов СҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Марат Иманбайұлы 1971 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданы Андреевка ауылында туған. Көкшетау ауылшаруашылық институтын , Алматы экономика және статистика институтын бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы Көкшетау облысы Рузаев ауданы «Привольный» совхозында бригада есепшiсi болып бастады. 1995-2000 жылдары СҚО, Целинный ауданының «Западный» совхозының бас агрономы, «Западное Казахстан» ЖШС директоры. 2000-2006 жылдары - СҚО, Ғабит Мүсiрепов ауданының «Вест» ЖШС директоры. 2006-2014 жылдары СҚО, Ғабит Мүсiрепов ауданының әкiмi болды. 2014 жылдан бастап осы күнге дейін Петропавл қаласының әкiмi болып қызмет етті.

Мемлекет басшысының Өкімімен Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.

Ерұлан Жамаубаев Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетіне қарасты халықаралық бизнес мектебін бітірген. Еліміздің ұлттық банкінде жұмыс істеген. ҚР Президенті Президент Әкімшілігінде әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі болды.

ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен ведомствоның аппарат басшысы қызметіне Жанат Ешмағамбетов тағайындалды.

Жанат Болатұлы 1970 жылдың 9 қыркүйегінде Қарағанды облысының Саран қаласында дүниеге келген. Қарағанды политехикалық институтын, Қарағанды экономика университетін бітірген. Ұлттық қауіпсіздік органдарында, ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері бөлімінде, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығында жұмыс істеген. Әр жылдары Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстық экономикалық және жемқорлық қылмысымен күрес департаменттерінің бастығы болған. ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы, Сот актілерін орындау департаментінің бастығы, Әділет министрі қызметтерін атқарған.

Үкімет қаулыларымен: Қайырбек Өскенбаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі, Берік Қамалиев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, Аманияз Ержанов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды.

Қ. Өскенбаев 1964 жылы дүниеге келген. ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, Ақмола аграрлық университетін және Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Әр жылдары Индустрия және сауда министрлігі Сауда және туристік қызметті реттеу комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған, ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы жөніндегі комитетінің төрағасы, ҚР Туризм және спорт вице-министрі болған. ҚР Аймақтық даму бірінші вице-министрі, Ұлттық экономика вице-министрі қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі - Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі.

Б. Қамалиев 1960 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Қарағанды мемлекеттік университетін, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Түрлі жылдары ҚР Премьер-Министрі кеңесшісі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Көліктік инфрақұрылымды дамыту комитетінің төрағасы, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болды. Көлік және коммуникациялар министрі қызметін атқарды. 2016 жылдың шілдесінен желтоқсаны аралығында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі болды.

А. Ержанов 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, БЛКЖО ОК жанындағы жоғары комсомол мектебін, Қазақ мемлекеттік басқарма академиясын бітірген. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары, ҚР ИЖТМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы, ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2017 жылғы наурыз айынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі.

Үкімет Қаулысымен Рүстем Құрманов ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Рүстем Құрманов 1981 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітіген. ҚР АШМ Инвестициялық саясат департаментінің директоры, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешенінде комитет хатшысы, Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып жұмыс істеген. 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың ақпаны аралығында «ҚазАгро» холдингі басқармасының төрағасы болған.

Ғизат Нұрдәулетов Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне тағайындалды.

Ғизат Дәуренбекұлы еңбек жолын Алматы облысы Жамбыл ауданы прокуратурасында тергеуші болып бастаған. Мемлекеттік тергеу комитетінде 1996 - 1997 жылдары қызмет атқарған. 1997 жылдан бастап ұлттық қауіпсіздік органдарында еңбек еткен. Сонымен қатар департамент бастығының орынбасары, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департамент бастығы, Тергеу департаменті бастығы лауазымында болды. 2016 жылдың қараша айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментін басқарды.

2017 жылы шілде айынан бастап соңғы тағайындалуына дейін ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай