Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандағы UNICEF өкілі: Пандемияны жеңудің жалғыз жолы - вакцина

2021 жылдың 2 желтоқсан 2021 21:12

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан балаларға екпе салу бойынша өте жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Статистикаға сенсек, балалардың 95%-дан астамы жұқпалы ауруларға қарсы вакцина алады. Бұл туралы журналистермен кездесу барысында Қазақстандағы БҰҰ UNICEF балалар қорының өкілі, елдік кеңсенің басшысы Артур ван Дизен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, тамаша көрсеткіштермен қатар, балалар арасында вакцинамен алдын алуға болатын аурулар да өршіп отыр.

«Мысалы, 2019 жылы қызылша ауруының 13 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бұл вакцинамен қамтуда үлкен олқылықтар бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, дәрігерлер тағайындаған қарсы көрсетілімі бар балалардың саны артып келе жатқанын көреміз. Мысалы, 2020 жылы 22 мың бала вакцинаның белгілі бір түріне қарсы көрсетілім алды және бұл 2019 жылмен салыстырғанда 38% көп. Вакцинамен қамтудағы алшақтық ұлғаюда, ол алдын алуға болатын қандай да бір аурулардың қайта өршуіне әкеледі. Сондай-ақ, вакциналау арқылы жоғалып кеткен аурулардың қайта келу жағдайлары тіркелген», - деді Артур ван Дизен.

Ол сонымен қатар көптеген ата-аналардың әлі де вакцинадан бас тартып жатқанына тоқталды.

«Вакцинадан бас тарту мәселесі пандемияға дейін де болған. Бұл бағытта біз жұмысты жалғастырып жатырмыз. UNICEF-тің негізгі міндеті - ата-аналарға вакцинадан бас тарту себебін жеңуге көмектесу. Ол үшін біз көп нәрсе жасаудамыз. Мысалы, ҚР үкіметімен ынтымақтастық аясында вакциналау туралы жаңа вебсайт аштық. Онда ата-аналар вакцина туралы бүкіл ақпаратты таба алады. Мысалы, вакцина неден тұрады, вакциналау күнтізбесі, адамды вакциналауға болатын орын және тағы басқалар. Осылайша біз вакциналау туралы кейбір аңыздардың алдын аламыз. Балаларды вакциналау керек, әйтпесе, бұл балалардың ауырып, мектептердің қайта жабылуына әкеп соғуы мүмкін. Бұл білім саласына кері әсер етеді», - деді ол.

Спикердің айтуынша, пандемияны жеңудің жалғыз жолы - бүкіл әлемде мүмкіндігінше көп адамды вакциналау.

Әңгіме барысында Қазақстандағы UNICEF өкілі жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге еге бастаған Pfizer вакцинасы туралы айтып берді.

«Pfizer вакцинасы жүкті әйелдер мен балалар үшін өзінің қауіпсіздігін дәлелдеді. Біз әлі егжей-тегжейлі талдау жүргізген жоқпыз, себебі, балаларды вакциналау енді ғана басталды», - деп түсіндірді ол.


Жоғары қарай