Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандағы ең мейірімді ауыл белгілі болды

2021 жылдың 3 желтоқсан 2021 16:33

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Ең мейірімді» байқауында Батыс Қазақстан облысына қарасты Жалпақтал ауылы «Ең мейірімді ауыл» атағына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жоба аясында Түркістан облысына қарасты Қожатоғай ауылы II орын алса, осы өңірдегі Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округі Ақбастау ауылы жүлделі III орынды иеленді.

«Жалпақтал ауылында қалыптасқан бір дәстүр бар. Мектеп түлектері жыл сайын туған ауылын абаттандыру мен көгалдандыруға атсалысып келеді. 2013-2021 жылдар аралығында түлектер өз қаражатына 123 млн теңгеге 22 нысанның құрылысын жүргізді. Бұл дәстүр кейінгі ұрпақты жаңа нысандарды жасауға шабыттандырады. Кез келген сәулетті ғимараттың сұлулығы оның нық қаланған іргетасынан басталатынын ескерсек, Жалпақтал ауылының да мейірімді ауылдар қатарынан көрініп, үздіктер сапына ілігуі, сол жерді ертеден мекен етіп, өмір сүріп келе жатқан жергілікті тұрғындардың о бастағы елдік қағидатына тікелей байланысты деп есептейміз. Ауыл ажарын айшықтап, өз қолымен әсем көшелерін сәндеуге дағдыланған бұл ауылдың елжанды перзенттері жоғары жақтан ешқандай нұсқау күтпей-ақ, өздерінің тұрмыстарына қажетті нысандарды түлектер бастамасымен тұрғызып, жыл сайын туған ауылын ажарландырып келеді. Елдегі рухани жаңғыру бағдарламасынан да бұрын бастау алған бұл үрдіс жалпақталдық ағайындар үшін жазылмаған қағида ретінде бүгінгі таңда түбегейлі қалыптасып үлгерді. Ауылымыз бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жобалар өте көп. Оның барлығы түлектер тарапынан ыждағаттылықпен басталып, уақытында тапсырылды», - дейді «ең мейірімді» ауылдың әкімі Әлия Жақсыбаева.




Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр.

Жобаның басты мақсаттарының бірі – жақсылыққа жаны құмар адамдарды біріктіру және ұйымдастыру, қоғам мен адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік беретін, жомарттық пен жақсылық идеясына негізделген қоғам құру.


Жоғары қарай