Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандағы барлық оқ-дәрілердің сақталуын тексеретін комиссия құрылды

2021 жылдың 31 тамыз 2021 14:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды.Бұл туралы ҚазАқпарат ҚМ сілтеме жасап хабарлайды.

Қорғаныс ведомство басшысы Н. Ермекбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін Қарулы Күштердің барлық қоймаларындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясының құрамы тағайындалды.

Шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ қорғаныс министрі өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады.

Аппарат кеңесінде генерал-лейтенант Н.Ермекбаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін бұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қарулы Күштерде Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.

«Қабылданған шараларға қарамастан, министр берген бірқатар тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс», - деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.

Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшіліктерді анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.

Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 15 адам қаза тапқан.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

Сондай-ақ, ол Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне Жамбыл облысындағы оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді жүктеді.


Жоғары қарай