Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандағы апта ішіндегі тағайындаулар

2021 жылдың 24 қазан 2021 11:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада екі министрдің жаңа орынбасарлары жұмысына кірісіп, Қазақстанның бірқатар шет елдегі Елшілері Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалды. Өңірлерде де тағайындаулар болды. ҚазАқпарат апта ішінде осы және өзге де тағайындауларға шолу ұсынады.

Сонымен Мемлекет басшысының Жарлықтарымен: Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы Марғұлан Бақытұлы Баймұхан Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін; Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Ермекұлы Омаров Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін; Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Нәсенұлы Сембаев Қазақстан Республикасының Мальта Республикасындағы, Сан-Марино Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.

Марғұлан Бақытұлы Баймұхан 1974 жылғы 6 қыркүйекте Алматы облысында туған. Польшадағы Краков Экономикалық Университетін тәмамдаған, сыртқы сауда мамандығы бойынша магистрі (1997), халықаралық маркетинг және менеджмент мамандығы бойынша магистрі (1998), PhD ғылыми дәрежесіне кандидат – экономика саласындағы философия докторы (2011), Ұлыбританияның Хертфордшир Университеті MscIM – Халықаралық басқару (менеджмент) магистрі (2016), Канаданың Ванкувер Университеті МВА – Іскерлік әкімшілік магистрі (2015). ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының (2005) және ҚР СІМ Дипломатиялық Академиясының (2006) курстарын, Поляк халықаралық қатынастар Институты Дипломатиялық Академиясының бір жылдық бағдарламасы (2010) бітірген. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің атташесі, үшінші хатшысы, Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің атташе-консулы, үшінші және екінші хатшысы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ТМД істері департаментінің Халықаралық ұйымдар бөлімінің, Әскери-саяси ынтымақтастық бөлімінің кеңесшісі, басшысы, Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің Кеңесшісі, Кеңесші-уәкілі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саяси талдау және болжау комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Осы жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы лауазымына тағайындалған еді. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.

Қайрат Ермекұлы Омаров 1963 жылғы 12 қаңтарда Фергана қаласында туған (Өзбекстан). 1985 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын ағылшын және француз тілдерін мұғалімі мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1987 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтында оқытушы ретінде бастаған. Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, этнография және археология институтының ғылыми қызметкері, ҚР Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма жөніндегі бас редколлегияның ағылшын тілінен аудармаларының бас редакторы болған.

Дипломатиялық қызметін 1992 жылы ҚР СІМ Паспорт-виза бөлімінің екінші хатшысы қызметінен бастады. Содан кейін Еуропа және Америка елдері басқармасының бірінші хатшысы, сондай-ақ Америка басқармасы Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі болды. 1994 жылы Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігіне бірінші хатшы ретінде жіберіліп, онда кеңесшіге дейін көтерілді.

1996-1998 жылдары басқарма басшысы, кейін Еуропа департаменті директорының орынбасары болды. 1998-2003 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне кеңесші-уәкіл ретінде қайта жіберілді. 2004 жылы ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарған. 2004 жылғы сәуір-тамыз аралығында Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы болды.

2004-2009 жылдары Қазақстанның Үндістандағы және Шри-Ланкадағы қоса атқарушы Елшісі болды. 2009-2013 жылдары Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. 2013 жылдан 2017 жылға дейін - Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі. Қазақстанның Аустриядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2017 жылдан бастап Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі ретінде жұмыс істеді. 2020 жылы Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын және француз тілдерін меңгерген.

Ерболат Нәсенұлы Сембаев 1964 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ ұлттық техникалық университетін, Итальядағы Энрико Маттеи жоғары мекебін бітірген. Қазақстанның Итальядағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, кеңес-елшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры, ҚРСыртқы істер министрлігінің аса маңызды істер жөніндегі елшісі, Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің кеңесші-елшісі, қызметтерін атқарған. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалған. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Ержан Мәлікұлы Еркінбаев ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ержан Еркінбаев 1982 жылы Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын және Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы жеке компанияда заңгер болып бастаған. Түрлі жылдары жеке компанияларда жобалар жетекшісі, заңгер болып жұмыс істеген. 2009-2013 жылдары — «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының бас директоры. 2013-2016 жылдары — «Медеу» спорт кешенінің бас директоры. 2016-2019 жылдары — Алматы мемлекеттік зоологиялық паркінің директоры. 2019 жылғы қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы болды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Руслан Кеңесарыұлы Сәкеев Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымына тағайындалады.

Руслан Сәкеев 1978 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институтын бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы Қазақ гуманитарлық заң университеті филиалының оқытушысы болып бастаған. 1999-2003 жылдары Қазақ гуманитарлық заң университетінде түрлі қызметтер атқарды. 2003 жылы Парламент Сенаты депутатының көмекшісі болды. 2003-2005 жылдары Қарағанды облысының Ішкі саясат департаментінде түрлі лауазымдарды атқарды. 2005-2006 жылдары — Қарағанды облысы әкімі аппаратының әлеуметтік бағдарламалар мен адами факторларды талдау және мониторинг бөлімінің меңгерушісі. 2006-2007 жылдары — ҚР ӘМ Дін істері комитетінің сараптама және тіркеу басқармасы басшысының орынбасары. Әр жылдары жеке секторда жұмыс істеген. 2014-2015 жылдары — ҚР БҒМ «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасын басқару тобы жобасының жетекшісі. 2017-2019 жылдары — Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі; әкім орынбасары. 2019 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін — «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары. 2020 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған «BIRGEMIZ» ҚҚ басқарма төрағасы болды.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне Расул Нұрланұлы Рахимов тағайындалды,

Р.Нұрланұлы «Болашақ» стипендиясының түлегі. Елімізде мемлекеттік органдарда қызмет етіп, өзін білікті маман ретінде таныта білген.

Нұрлан Есенғалиев Батыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Нұрлан Мұхитұлы 1982 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін экономист-математик мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары Орал қаласы қаржы бөлімі материалдық өндіріс салалары және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маман-экономисі, жекешелендіру және коммуналдық меншікті жалға беру бөлімінің бас маманы, Орал қаласы әкімі аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету және қаржылық-шаруашылық жұмысы бөлімінің бас маманы, БҚО қаржы басқармасы коммуналдық меншікті басқару және мүлікті жалдау бөлімінің бас маманы, Орал қаласы қаржы бөлімі коммуналдық меншікті басқару секторының меңгерушісі, Бөрлі ауданы қаржы бөлімінің басшысы, БҚО әкімі аппараты талдау және бақылау бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. 2018 жылдан осы кезге дейін БҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары болды.

Аягөз аудандық сайлау комиссиясының қаулысымен Аягөз қаласының әкімі болып Медет Мырзыкешов сайланды.

Медет Нығметоллаұлы 1988 жылы Семей облысы Аягөз ауданы Шынқожа ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: 2008-2011 жылдары Семей қаласы Шәкәрім атындағы СМУ университетін бітірген. 2015 жылы Қарағанды экономикалық университетінің құқықтану мамандығын тәмамдаған. 2008-2012 жылдары Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөліміне келісім-шарт бойынша жұмыс істеген. 2012-2013 жылдары «Таскара» әскерилендірілген тау-кен құтқару жасағында, 2013-2014 жылдары Суздаль жедел взводында құтқарушы болды. 2014-2016 жылдары Аягөз ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы, 2016-2020 жылдары аталған бөлімнің басшысы болып қызмет етті. 2020 жылдың мамыр айынан бастап осы уақытқа дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Тағайындау, Қоғам,
Жоғары қарай