Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстандағы ақылы жолдардан 2,5 млрд теңге түсті

2019 жылдың 31 шілде 2019 21:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі төрт ақылы жолдан жарты жылда 2,5 млрд теңге түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін елордада өткен автомобиль жолдары мен көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне арналған кеңесте айтылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліповтің сөзіне қарағанда, аталмыш қаражат түгелдей жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады.

«Ұзындығы 211 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан-Щучинск» бағытындағы жол 2013 жылдан бастап ақылы екенін білесіздер.Сол уақыттан бері аталмыш жолды күтіп ұстауға бюджеттен бір тиын да алған жоқпыз. Биыл 134 шақырым болатын «Нұр-Сұлтан-Теміртау» бағытындағы жолды, 47 шақырым болатын «Алматы – Қапшағай» және 292 шақырымдық «Алматы – Қорғас» жолдарын да ақылы еттік. Олар да өз есебінен қаржыландырылады», - деді Ұлан Әліпов.

Кеңес барысында ұлттық компания басшысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жолында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды.

«Бұл бағытта тиісті іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда мақсаттар, нақты іс-қимылдар, оларды орындау мерзімдері белгіленген. Жоспарды орындау үшін аумақтық бөлімшелерге тиісті ақпарат жеткізілді. Жол салу, қайта жаңарту және жөндеу кезінде жұмыс сапасына қойылатын талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жобаларды іске асыруға қатысы бар тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бойынша шаралар қабылданды.

Сонымен қатар, автожол жобаларын мониторингілеу процесі автоматтандырылды, мердігер дайындаған материалдар туралы, техниканы жұмылдыру туралы мәліметтерді қоса алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының барлық сатыларында жобалардың іске асырылу барысы туралы ақпаратты ашатын бағдарлама іске қосылды. Келешекте бұл бағдарлама корпоративтік сайтпен біріктірілетін болады», - деді ол.

Аталмыш кеңесте, сондай-ақ ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы Жасұлан Еламанов теміржол билеттерін сатуға арналған Mobius жүйесі заңсыз билет айналымына тосқауыл бола алмағанын айтқан болатын.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов болса, елімізде әйелдерге арналған жеке вагондар іске қосылмайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, «Тальго» пойызында жолсеріктерден зәбір көрген жолаушыға «Қазақстан темір жолы» тарапынан қай жағдайда моральдық шығын төленетінін айтты.

Автор Есімжан Нақтыбай
Басты сөздер: Құрылыс, Қоғам,
Жоғары қарай