Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қазақстанда жоғары сапалы көмір өндіретін зауыт ашылады

2020 жылдың 8 шілде 2020 12:50

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында күл қалдығы төмен жоғары сапалы көмір өндіріле бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инновациялық жобаны «Qaz Carbon» ЖШС іске асыруға кірісті. Инвесторлар көмір байытатын жаңа фабрика Қазақстанда теңдесі жоқ нысан болатынына сенімді. Қазіргі заманғы өндірістік объектіні 2021 жылға қарай қосу жоспарланып отыр.




Құрылыс жоспары туралы бүгін өткен брифингте компания акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның (ҚДБ) басқарма төрағасы Абай Сарқұлов айтып берді.

Көмірді байыту фабрикасы ҚДБ-ның қаржылық қолдауымен салына бастады. Бизнесмендерге 7 жыл мерзімге 9 млрд 24 млн теңге көлемінде несие желісі ашылады. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Бүгінде жеке қаражат және инвестициялар есебінен 3 млрд теңге қаржыландырылды. ҚДБ компанияға ҚР индустриялық-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қарыз қаражатын ұсынады.







Жаңа кәсіпорынның артықшылығы – ол қоршаған ортаға зиян келтірмей, сапалы көмір өндіретіндігінде. Байыту процесі суды ағарту бассейндері үшін көп аудан қажет етпейтін жабық бөлмеде өтеді. Автоматика мен электрониканың жаңа технологияларының арқасында өндірістің барлық кезеңдерін кәсіпорынның басқару орталығынан оператор бақылайды. Жоба қазірдің өзінде «Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ)» мемлекеттік экологиялық сараптамасынан өтті.

«Көмірді байыту үшін ылғалды байыту технологиясы қолданылады. Ол пайдалы қазбаларды шикізаттың жалпы тау-кен массасынан барынша ажыратып алуға мүмкіндік береді. Байытудың барлық рәсімі химиялық реагенттерді қолданбай жабық циклде өтеді, бұл қоршаған ортаға әсер етудің тазалығына алып келеді және жалпы жобаның экологиялылығын едәуір арттырады. Байыту фабрикасындағы өндірістік процестерді автоматтандырудың жоғары деңгейі дайын өнімнің сапасы мен технологиясының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Фабриканың қуаттылығы сағатына 300 тонна немесе жылына 1 800 000 тонна болады», - деді Qaz Carbon ЖШС акционері Ерлан Нығматулин.




Болашақ зауыт үшін шикізат ретнде Қарағанды өңірінің көмірі қоланылады. Дайын өнімді экспортқа жіберу, сондай-ақ Қарағанды ферроқорытпа зауытында - YDD Corporation ЖШС-де пайдалану жоспарлануда.

«Біз бүгін Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың жеткілікті тәжірибесіне ие болдық. Сондықтан, таяу және алыс шетел нарығының қажеттілігін, сондай-ақ ішкі нарықты зерттей отырып, жаңа жобаларды іске асыруға кірістік. Іс жүзінде Қазақстанның бІрегей инвестициялық климаты ғана емес, қосылған құны жоғары өнім жасау үшін үлкен шикізат базасы бар екеніне көз жеткіздік», - деп атап өтті «Qaz Carbon» ЖШС акционері Давид Кемертелидзе.




«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі тікелей тапсырмасының орындалуына ықпал ететінін айтты. Жаңа фабрика 110 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді және құрылыс кезеңінде 500-ден астам адам тартылады. Сондай-ақ, зауыт өз өнімдерін экспорттайтын болады, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.




Қаржыландырудың екінші бөлігі қолданыстағы құю өндірісін жаңғырту үшін пайдаланылатын болады. Жоба болат және шойын өнімдерін шығару бойынша қолданыстағы қуаттарды ұлғайтуға бағытталған. Айта кету керек, 2018 жылы жаңа инвесторлардың, соның ішінде шетелдік инвесторлардың келуімен зауытты ауқымды жаңғырту басталды.

Зауыт қызметінің негізгі түрлері шойын және болат өнімдерін өндіру, кокс және жартылай кокс өндіру болып табылады. Жалпы, кәсіпорын 900-ден астам болат және шойын өнімдерін шығарады. Жұмыс істеп тұрған зауыттың жылдық жобалық қуаты 120 мың тонна шойын және болат өнімдерін құрайды.

Нәтижесінде екі жыл ішінде зауытты жаңғырту бойынша белсенді жұмыс барысында инвесторлар қазірдің өзінде 8 млрд. теңгеден астам жеке инвестиция салды. 1 216 жұмыс орны құрылды. Компанияның орташа жалақысы 245 мың теңгені құрайды. 2019 жылы мемлекетке 2,1 млрд теңге сомасында салық төленді. Qaz Carbon ЖШС жаңа жобаларды іске асыру аймақ экономикасын әртараптандыруға және соңғы буын технологиялар трансферті есебінен еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай серпін береді.


Жоғары қарай