Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда визаларды беру тәртібіне өзгеріс енгізілді

2020 жылдың 9 қыркүйек 2020 15:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасына шақыруларды ресімдеу және визаларды беру Қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларын ресімдеу, шақыруларын келісу, Қазақстан Республикасының визаларын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидаларын бекіту туралы» ҚР Сыртқы істер министрінің м.а. 2016 жылғы 24 қарашадағы № 11-1-2/555 және ҚР Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 қарашадағы № 1100 бірлескен бұйрығына (бұдан әрі - Қағидалар) енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты 2020 жылғы 18 қыркүйектен бастап:

- Қазақстан Республикасының Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктері және шет елдердегі мекемелер көрсететін мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі (стандарттар мен регламенттер) айқындалды;

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу», «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келу және Қазақстан Республикасынан кету құқығына Қазақстан Республикасының аумағында визаны беру, қалпына келтіру және ұзарту» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді;

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және шет елдердегі мекемелер «Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік өтуге визалар беру, олардың мерзімін ұзарту» мемлекеттік қызметін көрсетеді.

Қазақстанның халықаралық әуежайларында визаларды беру өкілеттігі ҚР Ішкі істер министрлігіне берілді;

- электронды виза беру тәртібі нормативті түрде бекітілді. Бір мәртелі іскерлік, туристік және емделуге арналған визаларды электрондық форматта ала алатын 109 елден тұратын тізім кеңейтілді және бекітілді. ҚР Мемлекеттік шекарасынан өту Қазақстанның барлық халықаралық әуежайларында жүзеге асырылады;

- бұрынғы отандастарға өтініш негізінде 3 (үш) жылға дейінгі мерзімге жеке сапарға арналған көп мәртелі визаларды алуға құқық беріледі;

- инвесторлар үшін визалардың қолданылу мерзімі 3 (үш) жылдан 5 (бес) жылға дейін ұлғайтылды;

- «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 30 желтоқсандағы ҚР Конституциялық заңын іске асыру мақсатында, «Астана» халықаралық қаржы орталығының» инвестициялық резиденттеріне виза беру тәртібі айқындалды;

- бизнес-көшіп келушілерге шақыру ресімдеу барысында Қазақстан Республикасы облыстарының, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қолдаухатын көші-қон қызметі органдарына ұсыну талабы алынып тасталды;

- Қазақстанның аумағында «В10» (жеке), «С3» (жұмыс) және «С9» (білім беру) визаларының санаттарын «С2» санатындағы (отбасын біріктіру) визасына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған;

- Қазақстанның діни қызмет саласындағы уәкілетті органының жазбаша келісімі болған жағдайда, Қазақстан Республикасында миссионерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдіктерге «С7» санатындағы визасын ұзартуға шектеу алынып тасталды (бұған дейін ҚР аумағында бұл визаның бір рет қана ұзартылуына жол берілген).

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар қандай мемлекеттерге кедергісіз және карантиндік шектеусіз ұшып бара алатынын жазған едік.



Жоғары қарай