Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда тергеушілердің орташа жалақысы қанша

2021 жылдың 14 қазан 2021 14:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қылмыстық істі қарау мен оның ақ-қарасын анықтауда тергеуші маманның рөлі маңызды. Бүгінде елордада 350-ден астам тергеуші қызмет етіп жатыр. Осы орайда елімізде тергеуші мамандарға қандай жағдай жасалған және олардың жалақысы қандай? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ғұмар Шыныбеков жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде тергеушілер орташа есеппен 200-250 мың теңге жалақы алады. Ескеру керек, жалақы көлемі тергеушінің еңбек өтілі мен шеніне де байланысты. Сондай-ақ, біздің мамандар баспанамен қамтылады. Өздеріңіз білетіндей елордаға өңірлерден келушілер көп, олардың бәрінің бірдей тұрғын үйі жоқ. Осы орайда біз оларды қызметтік баспанамен қамтимыз. Бүгінде елордада 358 тергеуші маман бар», - деді Ғұмар Шыныбеков баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Полиция департаментінің өкілі, аталған салада кадр тапшылығының барын айтты.

«Қазіргі күні Нұр-Сұлтан қаласының тергеу қызметінде 13 бос жұмыс орны бар. Біз маман тапшылығын шешу мақсатында қаладағы заң саласы мамандарын даярлайтын бірнеше жоғары оқу орнымен меморандум жасастық. Соның негізінде бізге қажетті мамандар әзірленіп жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін елорданың Тергеу басқармасының басшысы аталған сала мамандарының біліктілігін көтеру мәселесіне бөлек тоқталып өткен болатын.

«Тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында заңнамадағы өзгерістерді қосымша зерделеу мен талқылау бойынша сабақтар, курстар мен семинарлар үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, ведомстволық жоғары оқу орындарында біліктілікті арттыру курстары да қарастырылған. Одан бөлек, тергеу бөлімінде жұмыс істеуге ниеттілер Қарағанды академиясының базасында 6 айлық бастапқы дайындық курсынан өту мүмкіндігі бар. Біздің мақсат – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыру», - деген еді Ғ. Шыныбеков.


Жоғары қарай