Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда отбасына зорлық-зомбылық көрсеткендер үшін сауықтыру бағдарламасы әзірленбек

2021 жылдың 26 шілде 2021 18:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық көрсетушілерге арналған сауықтыру бағдарламасын әзірлеу қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әйеліне қол жұмсайтын ер адамдардың 80 пайызы мас болып шығады. Және олардың көбінің тұрақты жұмысы жоқ. Өкінішке қарай, оның арты ажырасуға алып келеді. Өткен жылғы статистикаға сәйкес, ажырасқандар небары 1-4 жыл ғана отбасы болып өмір сүрген. Былтыр елімізде осындай 14 700 жағдай тіркелді. Ал 2 300 жұп бір жылға да жетпей ажырасып кеткен. Осы орайда біздің министрлік әлеуметтік-отбасылық мәселені оңалту мақсатында мемлекеттік саясатты түбегейлі өзгерту мәселесін ашық қарастырып жатыр», - деді А. Милюк ІІМ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

ІММ өкілінің мәлімдеуінше, ажырасумен іс бітпейді, оның арты баланың әке-шешесіз өсуіне, алименттің төленбеуі мен басқа да мәселелерге әкеледі.

«Біздің пайымдауымызша, ерлі-зайыптыларға арналған психологиялық, сауықтыру және құқықтық қолдау көрсететін кешенді жаңа жоспар әзірлеу керек. Сонымен қатар, қазіргі уақытта депутаттық корпуспен бірлесіп, зардап шегушілерден бөлек, зорлық-зомбылық көрсетушілерге де арналған сауықтыру бағдарламасын енгізу мәселесі қаралып жатыр. Және бұл бастама отбасы институты рөлін арттыра түсу туралы заңнама аясында жүзеге асырылады», - дейді ол.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары бүгінде ел бойынша қиын жағдайға тап болған 3 мыңнан астам әйелдің дағдарыс орталықтарына жіберілгенін айтты.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Отбасы, ҚР ІІМ, Заң,
Жоғары қарай