Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда монополияға қарсы жаңа заң әзірленеді

2021 жылдың 26 қаңтар 2021 14:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда монополияға қарсы жаңа заң әзірленеді. Мұндай міндетті Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл тапсырмалар блогын бүкіл мемлекеттік аппарат жұмысының басымдығына айналуға тиіс ең өткір мәселелердің бірімен аяқтағым келеді. Ол – бәсекені дамыту. Бүгінгі таңда елдің экономикасы мемлекеттің қатты араласуынан ғана емес, жеке монополистердің бәсекеден тыс әрекеттерінен де зардап шегіп отыр. Олардың қатарында мемлекеттің өзі құрған бірыңғай операторларды, жеке монополияларды да атап өтуге болады. Сол себепті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осындай құрылымдарды ұстаудың қажеттіліне талдау жүргізуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, біздің елде осындай 50-ге тарта монополия бар.

«Өз ұсыныстарыңызды 1 маусымға дейін маған әкеліңіздер. Артынша не істеу керектігін шешеміз. Оларды бәлкім мәртебесінен айырамыз, керек болса тіпті жабамыз. Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетіне 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін адал бәсекелестікке кедергі келтіріп тұрған негізгі проблемаларды шешуге бағытталған заң жобасын қабылдауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Президент осы заң қабылданғанға дейін мемлекеттік және жеке операторларды құруға тыйым салынуы керектігін ескертті.

«Аталған заң нарық субъектілеріне тең жағдай жасауға бағытталуға тиіс. Маған кәсіпкерлерден теміржол желілерінің подъезд жолдарының жекелеген басшыларына шағым көп түсіп жатыр. Олар жылжымалы құрамның өтіп кетуіне рұқсат алудың өзі қиямет-қайымға айналғанын жазады. Ал оларда өтейін десе басқа жол жоқ. Бұл учаскелерді жекешелендіру кезінде адал бастамаларды күтіп едік, ақыры сөзге көнбейтін монополистер пайда болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Бас прокуратурамен бірге подъездік жол операторларының жұмысын тексеруді тапсырамын», - деді ол.


Жоғары қарай