Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда мемлекет қатысатын компанияларда басшы әйелдер үлесі 30% дейін артады

2021 жылдың 23 қыркүйек 2021 17:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда гендерлік және отбасылық саясатты тиімді іске асыру мәселелері пысықталады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, «Қазақстандық отбасылар-2020», «ҚР-дағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы», «ҚР-дағы балалардың жағдайы туралы» және басқа да әлеуметтік, сараптамалық зерттеулерді, отбасы өміріне пандемияның әсерін ескеріп, статистикалық және талдамалық ақпаратты жаңарту көзделген.

«2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы екі негізгі бағытты қамтиды. Отбасы саясаты бойынша негізгі басымдықтар: Отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін, ұрпақтар сабақтастығының сақталуын балабақшалар мен мектептерде отбасылық тәрбие бойынша оқыту бағдарламалары арқылы насихаттау жұмыстары күшейтіледі; Отбасын қолдау, отбасы дауларын шешу мен балалы әйелдерге уақытша тұратын орталықтарды құруға жоспарланған. Орталықтар қызметінің ережесі, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленеді. Қазақстандағы отбасылардың жағдайына жан-жақты зерттеу жүргізу мақсатында отбасылық саясат проблемаларын зерделеу жалғасады», - деді Ш. Байманов Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы Қоғамдық кеңес отырысында.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы өз Жолдауында қоғамда әйелдерді экономикалық және саяси қолдауды қамтамасыз етуге назар аударған еді. Осыған байланысты гендерлік саясат саласы бойынша келесі басым бағыттарды айқындау жоспарлануда.

«Біріншіден, мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарындағы әйелдер үлесін 30%-ға дейін арттыру мәселесі қосымша пысықталады. Екіншіден, гендерлік бюджеттеуді енгізу жұмыстары жалғасады. Үшіншіден, БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетінің әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындау жөніндегі Қазақстанның бесінші мерзімді баяндамасы бойынша ұсыныстары ескеріледі. Төртіншіден, Тұжырымдаманың мақсаттары мен индикаторларын 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы мақсаттармен және күн тәртібінің индикаторларымен үйлестіру ұсынылады», - деді Ш. Байманов.

Бесіншіден, Гендерлік және отбасылық саясатты тиімді іске асыру үшін бюджеттің тұрақты бөлінуін және ұлттық, өңірлік, жергілікті және салалық деңгейлерде гендерлік мәселелер бойынша құзыретті мамандар мен заңгерлер даярлауды көзделмек. Алтыншыдан, өңірлер, қалалар және аудандар бөлінісінде жұмыспен қамту, базалық әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге, мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларына қол жеткізу бөлігінде гендерлік мұқтаждықтар мен қажеттіліктер картасын әзірлеу жоспарланған.

«Тұжырымдаманы өзектендірудің негізгі мақсаты қазіргі қоғамдағы өзекті мәселерді ескеріп, отбасы институтын нығайтуға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ажырасу мен отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтарды азайтуға, көпбалалы отбасылардың проблемалық мәселелерін жүйелі шешуге және әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын кеңейтуге бағытталады. Қазіргі таңда тұжырымдаманы өзектендіру бойынша жұмыс тобы құрылып жатыр. Жұмыс тобы құрамына Парламент депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, сарапшылар, үкіметтік емес, халықаралық ұйымдардың және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар да, оның ішінде «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, ЮНИСЕФ, ЮНФПА гендерлік саясат бағыты бойынша ұсыныстарын білдірді», - деп түсіндеді Ш. Байманов.

Бұған дейін Шахмардан Байманов Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының аралық нәтижелерін айтып берген еді.



Жоғары қарай