Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда мал бағасы қалай құбылып тұр

2021 жылдың 19 шілде 2021 18:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдің бірнеше елді мекенінде қуаңшылық тіркелуіне байланысты биыл мал бағасы қымбаттай түседі деген болжам қазірден айтылып жатыр. Нарықтағы жағдайға қуаңшылықтың қалай әсер етіп жатқанын білу үшін бірнеше өңірдің тұрғындарына сұрау салып көрген едік. ҚазАқпарат тілшісі қуаңшылық және Құрбан айт қарсаңында өңірлердегі мал бағасына шолу жасаған еді.

Нұр-Сұлтан қаласында тоқтының ең төменгі бағасы 40 мың теңгеден басталатын көрінеді. Ет саудасымен айналысатындар құрбандыққа арналған еркек қойлардың бағасы жасына қарай 90 мыңға дейін барады деп отыр. Жыл сайын Құрбан айт кезінде мал әкеліп, сатып жүргендердің көбі мал бағасы мерекенің алғашқы екі күнінде ауытқитынын, үшінші күні негізгі нарықтағы бағасына қайтатынын айтты.

«Құрбан айт басталған күні қалталылар келіп бағаны белгілеп кетеді деуге болады. Астанада бағаны көтеретін солар. Ақша мен малдың бет-жүзіне қарамай, айтылған бағаға ала салады. Қымбат баға солай қалыптасады», - дейді ет сатушылардың бірі.

Елордада әзірге сиыр бағасы 300-400 мың аралығында. Жылқы бағасы негізінен жасына қарай 300-500 мың арасында құбылып тұр. Ет саудагерлері той-томалақтың жиілеп, бүкіл салада қымбатшылық орнауына байланысты қылқұйрықтың бағасы 700 мың теңгеге дейін жеткенін айтады.

Шығыс Қазақстанда сиыр бағасы жасына қарай 250 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін барады. Құрбандыққа арналған ісек қойлардың бағасы 60 мыңнан басталып тұр. Тоқты бағасы мұнда да 40 мың теңгеден басталады. Жылқы бағасы 350 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін шарықтап тұр.

Бірнеше ауданында жұт болып жатқан Маңғыстау облысында әсіресе жылқының бағасы құлдырап кеткен. Жергілікті шаруалар қуаңшылықтан ең көп қырылып жатқан да осы жылқы деп отыр. Өйткені бұл өңірде текті жануарға азық болатын шөп ежелден сирек өсетін көрінеді.

Қазір әлеуметтік желіде құлынның бір басына 40-50 мың теңге сұрап тұрған хабарландырулар көп тарап жатыр. Біз телефон арқылы сөйлескен тұрғындардың бәрі ол жарнамалардың шын екенін растады. Құлын енесін қақтап еміп, күйін кетіретін болғандықтан, мал иелері тезірек құтылуға асығып отырған көрінеді. Сонымен құлын бағасы 40 мыңнан басталса, ересек жылқы 300 мың теңгеден аспай тұр мұнда. Сиыр бағасы 300-400 мың көлемінде болса, түйе бағасы 500 мың теңгеден басталады. Сауын түйелердің бағасы 700 мың теңгенің маңайында.

Жергілікті тұрғындар берген мәлімет бойынша, Павлодар облысында мал бағасы мынадай:

Ірі қара.

Тайынша – 280 мың теңге, сиыр 330-400 мың теңге, сауын сиырлардың бағасы – 500 мың теңге.

Жылқы.

Тай - 260-400 мың теңге, байталдар - 400-600 теңге, дөнен, бестілер - 500-600 мың теңге, бие мен айғыр - 700 мың - 1 млн теңге.

Қой.

Қой бағасы ауылда 50 мың, тоқты 45 мың теңге. Ал қалада 70 мың шамасында.

Солтүстік Қазақстан тұрғындарының берген дерегіне сүйенсек, базарда қой етінің келісі - 2,5 мың теңгеге жеткен. Құрбан айт қарсаңында тоқтыларды 35 мың теңгеден бастап сатып жатыр. Жалпы орта баға былтырғымен бірдей – 50 мың теңге шамасында көрінеді. Қызылжар орталық мешіті қойдың бағасын биыл 65 мың теңге деп, қара малды 350 мың теңге деп бекіткен. Ал Қамбар ата түлігіне келсек, тайдың орташа бағасы 400 мың. Бірақ 350, 380 мың теңгеге де табуға болады.

Ал Шымкент базарларындағы баға мынадай:

Қой бағасы 50 мың теңгеден басталады. «Саудаласуға икеміңіз болса, одан түсіруге болады», - дейді жергілікті тұрғындар.

Бұл жақта мал саудасының дамығаны сонша, Құрбан айтқа деп арнайы семіртілген қошқарларды Алматыдан әкеліп беретіндер бар. Оның бағасы 70 мың теңгеден басталып, 130 мың теңгеге дейін барады. Әсіресе Еділбай тұқымды, тегене құйрық қойлардың бағасы жоғары. Ірі қараға келсек, торпақтардың бағасы 225 мың теңгеден басталады. Бұзаулардың бағасы 110 мыңнан жоғары.

Тайлар – 125 мың теңгеден, ересек жылқы 400-550 мың тегеден сатылып жатыр. Ең жоғары баға 1,5 млн теңгеге дейін барады.

Жамбыл облысында сиыр бағасы жасына қарай 150-250 мың теңгеден басталады.

Қой бағасы базарда 35-50 мыңнан басталып тұр. Қылқұйрық бағасы 300 мыңнан әрі қарай кетеді.

Қызылорда облысында мал бағасы төмендегідей:

Жылқы. Тайлар 230 мыңнан жоғары. Бестіден үлкен жылқы түлігінің бағасы 950 мыңға дейін барады. Өгіз бағасы 280-380 мың арасында. Қой бағасы 50 мыңнан төмен емес.

Алматы облысында қой - 50 мыңнан басталса, жылқы бағасы 300 мыңнан жоғары. Ірі қараның бағасы жасына қарай 230 мың теңгеден әрі қарай өсе береді.


Жоғары қарай