Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Қазақстанда мақтаны қайта өңдеу үлесі 3 есеге ұлғайтылады

2020 жылдың 11 наурыз 2020 18:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық мақтаны қайта өңдеу үлесі 3 есеге ұлғайтылып, 1 мың жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, биылғы ақпанда еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 12,4% өсті. Оның ішінде тоқыма бұйымдары 11,9%, киім-кешек 9,7%, былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде 11,8% өсім байқалды.

«Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Үкімет өткен жылдың наурыз айында 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасын мақұлдады. Онда кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізу, қазақстандық қамту үлесін арттыру, экономикалық ынталандыру және жүйелі қолдау бойынша шаралар көзделген», делінген хабарламада.

Елімізде киім мен аяқ киім өндіруге арналған матаның көптеген түрі, дайын тері, фурнитура, сондай-ақ қолданба материалдар өндірісінде пайдаланылатын химиялық реагенттер мен бояғыштар өндірісі жоқ. Бұл дайын өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

Қазақстанда бүгінгі таңда қуаттылығы 31 мың тоннаға дейін мақта талшығын өңдеуге мүмкіндік беретін 4 тоқыма мақта өңдеу кәсіпорны бар. Алайда, олардың екеуі ғана - «Azala Textile» ЖШС және «Azala Cotton» ЖШС тұрақты жұмыс істеп тұр. «Альянс» СӨК Қазақстан-Өзбекстан бірлескен кәсіпорны 2019 жылдың желтоқсанында «Ютекс» АҚ тоқтап тұрған өндірісін іске қосты.

«Саладағы өзекті проблемаларды шешу мақсатында Премьер-министрдің өкімімен елімізде мақта-тоқыма кластерін дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Соның шеңберінде «Ютекс» фабрикасының толық қуатқа шығуы, сондай-ақ тігін өндірісін және тоқтап тұрған екінші фабрика – «Меланжды» іске қосу жөніндегі шаралар көзделген.

Бұдан басқа, таяуда «Оңтүстік» АЭА-нан тыс орналасқан мақтаны қайта өңдеу жөніндегі қолданыстағы тоқыма фабрикаларына арнайы экономикалық аймақ преференцияларын беруді қарастыратын қаулы қабылдау жоспарланып отыр.

Бұл шаралар отандық мақтаны қайта өңдеу үлесін 3 есеге ұлғайтып, қосымша 1 мың жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, министрлік тері шикізатын өңдеу бойынша кәсіпорындарды қолдау шараларын жүзеге асыруда. Бүгінде алынатын ірі қара мал терісінің барлық көлемінен (шамамен 3 млн тері) былғары кәсіпорындары терінің 16 пайызын өңдейді.

«Былғары кәсіпорындарының жүктемесін, сондай-ақ былғары және оған жататын өнім өндірісінің көлемін ұлғайту мақсатында ел аумағынан өңделмеген ірі қара мал терісін шығаруға уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ негізгі кооперацияны ескере отырып, сүт, тері, жүн қабылдау пункттерін құру мен дамытуды қаржыландыруды көздейтін «Бірлік» несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Осы бағдарлама аясында Қарағанды облысында 13 млн теңгеге бір қарыз берілді, оның ішінде 8,7 млн теңге жүн өңдеу бойынша жабдықтар сатып алуға және 4,3 млн теңге айналым қаражатын толықтыруға жұмсалуы тиіс», делінген хабарламада.

Жеңіл өнеркәсіп саласының отандық кәсіпорындарын, сондай-ақ fashion-индустрияны қолдауға бағытталған осы шаралардың барлығы өндірушілерге өндіретін тауарлар номенклатурасын кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға, ел ішінде отандық өнім имиджін арттыруға және нәтижесінде жергілікті қамту үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.


Басты сөздер: Өнеркәсіп,
Жоғары қарай