Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда күзет қызметімен айналысуға лицензия қалай беріледі

2021 жылдың 28 қазан 2021 13:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде күзет қызметімен айналысатын жеке ұйымдарға лицензияны кім береді және ол қандай талаппен беріледі? Бұл сұраққа ҚР Ішкі істер министрлігінің Күзет қызметін бақылау департаментінің сарапшысы Данияр Сұлтанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде күзет қызметі туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тиісінше күзет қызметімен айналысатын ұйымдар мен сала мамандарына қойылатын талап та өзгерді. Алдымен ұйым жеке күзет қызметімен айналысу үшін Ішкі министрлігінің арнайы лицензиясын алуы керек. Сондай-ақ, ол ұйымның күзет саласында кем дегенде 1 жыл тәжірибесі болуы тиіс. Жеке кеңсесі мен тиісті құрал-жабдықтарының болуымен қатар, кем дегенде 2 жедел әрекет тобы болуы шарт. Яғни шұғыл жағдай туындаған кезде аталған 2 топтың мүшелері жедел әрекетке дайын болуы тиіс. Әрине, қызметтік көліктің болуы да міндетті», - деді Данияр Сұлтанов «Kazakhstan Security Systems -2021» атты республикалық конференция барысында.

Сондай-ақ, ІІМ өкілі күзет қызметімен айналысатын ұйымның жетекшісі оның қызметіне тікелей жауапты болатынын еске салды.

«Лицензия беру уақыты жағынан әртүрлі, себебі бұл өте тиянақты тексеруді талап ететін процесс. Лицензия берілместен бұрын күзет мекемесімен келісімшарт жасалады. Аталған қызметке қатысты тағы бір маңызды жайт күзетші мамандардың даярлығы. Қызметкерлер үнемі білім-біліктерін жетілдіріп отыруы тиіс. Олардың әскери немесе спорт дәрежесі болғаны абзал. Сол секілді күзет қызметімен айналысатын ұйым қауіпсіздік саласына қатысты заңнамаларды қатаң сақтауы тиіс, оның ішінде терроризмге қарсы күрес туралы заң да бар», - дейді ол.

Одан бөлек, сарапшы күзет қызметі жұмысын ілгерілетуде профилактикалық шаралардың да маңызға ие екенін алға тартты.

Айта кетейік, бүгін елордада террористік қауіп-қатерге қарсы күрес тақырыбына арналған 8-ші республикалық конференция өтіп жатыр.


Жоғары қарай