Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда картоп бағасы тағы қымбаттай ма - АШМ болжам жасады

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 19:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде картоп тапшылығының алдын алу үшін не істеліп жатыр? Баға тұрақтылығы қалай сақталмақ? Бұл сұрақтарға ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір өңір әкімдіктері алдындағы кезек күттірмейтін іс - картоп өндірушілермен келісімшарт жасасып, картоп қорын жасақтау. Ол үшін министрлік тарапынан барлық жағдай жасалған, әр әкімдікке картоп өндірушілердің тізімін бердік. Бізде картоп өндіретін 4 аймақ бар, ол - Павлодар, Қарағанды, СҚО және Ақмола облыстары. Егер әкімдіктер картоп қорын қазірден бастап жасақтаса, тапшылық пен баға өсімі болмайды. Қордағы өнім келесі жылдың мамыр айына дейін жетсе, одан әрі көктемгі жаңа картоп науқаны басталады», - деді Азат Сұлтанов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, отандық картоп өндірушілер баға тұрақтылығын сақтап, өнім тапшылығы болмауы үшін келісімшартқа отыруды ұсынып отыр.

«Әрине, маусымдық баға өсімі күтіледі. Бірақ баға қолжетімді болады. Біздің болжамымызға сәйкес, келер жылы маусым кезінде картоптың келісі 200-250 теңгені құраса, сәбіз бен қызылшаның бағасы 300 теңгеге дейін барып қалады деп жоспарланып отыр», - дейді ол.

Сондай-ақ, АШМ өкілінің мәлімдеуінше, картоп тапшылығы мен баға өсуінің алдын алуда өнімді дұрыс сақтау өте маңызды.

Бұған дейін Азат Сұлтанов халық жиі тұтынатын өнімдердің бірі нанның бағасына қатысты өз болжамын жасады.


Жоғары қарай