Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда этно-медиация орталығы пайда болмақ

2021 жылдың 16 қараша 2021 18:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде ұлтаралық кикілжіңнің алдын алу және болған жағдайда мәселені тезарада шешу мақсатында этно-медиация орталығын құру жоспарланып жатыр. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде этносаяси шиеленіске қатысты мәселелерді шешетін және оның мән-жайына терең үңілетін мамандар жоқ деген қауесет бар. Осы орайда бұл мәселе күн тәртібінде болуы тиіс. Бұл жерде медиация қызметінің рөлі зор және ол 2 бағытта жұмыс істеуі керек. Бірінші бағыт, алдын алу шаралары, яғни түсіндіру жұмыстары. Екінші бағыт, болған шиеленіс жағдайдың салдарын анықтап жою. Бүгін бар медиаторлардың этно-медиация бойынша мәселені қолға алуға қаншалықты кәсіби дайын екенін мен айта алмаймын. Сондықтан этно-медиаторларды даярлайтын боламыз. Ол көпшілікке сөзі өтетін ақсақал болуы мүмкін немесе қоғамдық пікір көшбасшысы. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы, ҚХА-ның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұлтаралық шиеленісті болдырмауда медиация қызметінің маңызды екенін жиі айтады», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.

Оның айтуынша, елімізде кәсіби этно-медиаторларды даярлайтын уақыт жетті.




«Әзірге жоспар ғана, дегенмен елімізде этно-медиация орталығын құру ойымыз бар. Және аталған орталықтың қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының жанынан құрылуын жоспарлап отырмыз. Келесі мәселе, ол орталыққа мамандарды даярлау. Және олар жай ғана медиатр емес, келіссөз жүргізуші және үйлестіруші болғаны жөн. Ол маман неге үйлестіруші бола білуі керек, себебі ұлтаралық шиеленіс туындаған жағдайда медиатр екіжақпен ғана емес жергілікті әкімшілік және құқық қорғау органы өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істей білуі қажет», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елдордада Қазақстан халқы Ассамблеясында республикалық медиация кеңесінің отырысы өтті.

Аталған шараға ҚХА-ның мүшелері, құзырлы орган өкілдері мен медиациялық орталық өкілдері қатысты.


























Жоғары қарай