Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда еңбек даулары 3 есеге азайды

2019 жылдың 26 қараша 2019 11:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ұжымдық еңбек дауларын алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жұмыс Үкімет бекіткен әлеуметтік шиеленістерді болдырмау жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізілуде. Еңбек тәуекелдері шеңберінде мониторингілеу 170 мың жұмыскері бар 359 проблемалық кәсіпорынды қамтды. Бұл ретте жоғарғы тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстары бар. Соңғы жылдары еңбек даулары 3 есеге төмендеді. Биылғы жылдың басынан бері республика бойынша 9 еңбек қақтығысы орын алды. Олардың жетеуі – еліміздің Батыс өңірлерінде шетелдіктердің қатысуымен мұнай-газ және мұнай-сервистік кәсіпорындарда болды», - деді Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.

Министр атап өткендей, наразылықтың басты себептері – жұмыскерлердің еңбекақысы, жергілікті және шетелдік жұмыскерлерге қатысты еңбек пен тұрмыстық жағдайлардың теңсіздігі.

«Еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі – жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік беретін ұжымдық шарт жасасу деп санаймыз. Бүгінгі күні ірі және орта кәсіпорындардың 97 пайызы ұжымдық шарттармен қамтылуына қарамастан еңбек жанжалдарының пайда болуы – сол құжаттардың сапасының төмендігін көрсетеді. Бұл тұрғыда жұмыскерлердің бірлестігі, кәсіподақтар белсенділік танытуы тиіс деп санаймыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, Үкімет басшысы жалақыны бермеудің жұмыс беруші үшін тиімсіз болатындай етіп заңнама нормаларын күшейтуді тапсырды.

Жоғары қарай