Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған тағайындаулар

2021 жылдың 28 ақпан 2021 13:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Мәселен, Ақтөбе облысында бірінеше жаңа лауазым иелері бекітіліп, Ақмола облысындағы бес ауданға жаңа прокурорлар келді. ҚазАқпарат осы және өзге де тағайындауларды оқырман назарына ұсынады.

***

Осы аптада Мұрат Нұртілеу Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды.

«Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі лауазымынан босатылсын», - делінген құжатта.

***

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Әлібек Сәкенұлы Қуантыров ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Әлібек Қуантыров 1983 жылы Атырау қаласында туған. Томск мемлекеттік университетін, Мичиган университетін бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маманның м.а. болып бастады.

***

Серік Рахметоллаұлы Егізбаев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аппарат басшысы лауазымына тағайындалды.

Серік Егізбаев 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысындағы «Чапаев» зауытында жұмысшы болып бастады. Ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін зауытқа қайта оралды.

***

Ернат Архатұлы Мұхамадиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды.

Ернат Мұхамадиев 1988 жылы Тараз қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Оксфорд университетін бітірген.

Еңбек жолын 2012 жылы «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің халықаралық ақпараттар бөлімінің аға сарапшысы қызметінен бастады. 2014-2016 жылдары ҚР БҒМ Жастар ісі департаментінде басшылық қызметтер атқарды.

***

Асқар Ерболатұлы Үмбеталиев ҚР Әділет министрлігі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды.

Асқар Үмбетәлиев 1980 жылы Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік заң университетін, Алматы экономика университетін, Лондон экономика және саяси ілім мектебін (тағылымдама) бітірген.

Мамандығы бойынша біліктілігі — құқықтану, қаржы бакалавры. Еңбек жолын 1997 жылы «КазЮжBодСтрой» АҚ-да 4-разрядты монтаждаушы болып бастады.

2020 жылғы желтоқсаннан қазіргі уақытқа дейін ҚР Әділет министрлігінің Ішкі әкімшілендіру департаментінің директоры қызметін атқарды.

***

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Серіктестік департаментінің директоры болып Перизат Сәдуақас тағайындалды.

П. Сәдуақас бұл қызметке дейін Серіктестік департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. Қарағанды облысында туған. Білімі жоғары. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Қазақстан тарихы», «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты.

***

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі болып Азамат Бекет тағайындалды.

Азамат Бекет Қазақ гуманитарлық заң университеті мен Экономика және құқық академиясының түлегі. Еңбек жолын 2004 жылы Астана қаласындағы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің инспекторы болып бастаған.

Әр жылдары Алматы, Астана қалаларының, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменттерінде еңбек етіп, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларын, Атырау облысының Жылыой ауданын басқарды.

2020 жылдың қыркүйек айынан бері Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

***

Нағымжан Алдияров облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол М.Тынышбаев атындағы қазақ мемлекеттік​ көлік және коммуникация академиясының түлегі.

Еңбек жолын 1997-1998 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Аққайың» өндірістік кооперативінің бас есепшісі болып​ бастаған. Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі болды, Ақтөбе қаласының тұрғын үй және коммуналдық​ шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары​ бөлімін басқарды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Алға ауданының әкімі лауазымдарын атқарды.

***

Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысы болып Қайрат Райымқұлов тағайындалды. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, қазақ гуманитарлық-заң университетінің түлегі.

Еңбек жолын 2010 жылы облыстық қаржы басқармасында жетекші маман болып бастаған. Әр түрлі жылдары Ақтөбе қаласы экономика және қаржы бөлімін, Ақтөбе қаласы әкімінің аппаратын басқарып, облыстық қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау басқармаларының басшысы орынбасары болды, облыстық кәсіпкерлік басқармасында басшылық қызмет атқарды.

2020 жылы Президенттің жастар кадрлық резервіне кірді.

2020 жылдың сәуір айынан бастап осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының қаржы басқармасын басқарып келді.

***

Ақтөбеде облыстық қаржы басқармасының басшысы қызметіне Нұрлыбек Өнербаев тағайындалды.

Нұрлыбек Өнербаев - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Қазақ гуманитарлық-заң университетінің түлегі. Еңбек жолын 2002 жылы Ақтөбе қалалық қаржы бөлімінде бас маман болып бастаған.

***

Павлодар облысы Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы болып Азамат Байтенов тағайындалды.

Азамат Байтенов 1987 жылы Павлодар облысының Успен ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2012 жылы осы жоғары оқу орнынан тарих магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2009 жылы №3 Успен орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған.

***

Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы міндетін атқарушы болып Мәди Манатбекұлы тағайындалды.

Мәди Манатбекұлы 1978 жылы 25 мамырда дүниеге келген.

Еңбек жолын 1998 жылы республикалық «Нартәуекел» газетінде тілшілік қызметтен бастаған. 1999 жылы қалалық «Шымкент келбеті» газетінде, 2000 жылдан бастап «Отырар» телеарнасында журналист болып қызмет атқарған, спорттық «Топжарған», қылмыстық «Оқиға ізімен» бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі.

***

Ақмола облысындағы 5 ауданның прокурорлары тағайындалды.

ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Зеренді ауданының прокуроры болып Асқар Байжанов, Есіл ауданының прокуроры болып Асхат Қабдушев, Біржан Сал ауданының прокуроры болып Самат Нұрманбеков, Бурабай ауданының прокуроры болып Бағдат Шерәлі, Қорғалжын ауданының прокуроры болып Жандос Нұржанов тағайындалды.

***

Парламентаризм институтының директоры болып, бұрынғы депутат Мансұрхан Махамбетов тағайындалды.

Мансұрхан Махамбетов – прокуратура органдарында, оның ішінде өңірлерде жұмыс істеген, тәжірибесі мол кәсіби заңгер. 1965 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай