Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2021 жылдың 31 қазан 2021 12:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта Талдықорған қаласы әкімінің жаңа орынбасарының тағайындалуымен басталды. Ол қызметке Қайрат Бұлдыбаев келді.

Қайрат Найманбайұлы Бұлдыбаев 1963 жылы 21 қарашада Алматы облысы Гвардия ауданы Көксу ауылында дүниеге келген.

2004 жылы І. Жансүгіров атындағы ЖМУ университетін кәсіптік оқыту бойынша тәмамдаған.

Өзінің еңбек жолын 1984 жылы Талдықорған жүк тасымалдау автобасқармасы Көксу көлік кәсіпорнының шебері қызметінен бастаған.

Алматы облысында «Автотехобслуживание» ЖШС директоры, Текелі қаласы әкімі аппараты Рудник кенті әкімінің міндетін атқарушы, Талдықорған қаласы Өтенай селолық округінің әкімі, Талдықорған қаласы ШЖҚ «Көркейту» МҚК бастығының міндетін атқарушы, Талдықорған қаласы «Көркейту» ШЖҚ МҚК бастығы, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы, Қаратал ауданың әкімі лауазымдарын атқарған.

Соңғы жұмыс орны - Талдықорған қаласы «Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ басшысының орынбасары.

26 қазан күні Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы болып Алмас Сәдубаев тағайындалды.

Алмас Қадырбекұлы 1984 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген, білімі жоғары.

2005 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Журналистика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы «Қазақстан-Тараз» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редакторы болып бастаған.

2005-2008 жылдары, жаңалықтар бөлімінің редакторы, «Қазақстан ұлттық телеарнасы» АҚ PR-директоры, 2008-2010 жылдары республикалық «Заң» газеті және журналының бас редакторы, 2010 жылы- Жоғарғы сот төрағасының баспасөз хатшысы, 2010-2011 жылдары- президент әкімшілігінің сарапшысы, 2011-2015 жылдары «ҚР ІІБ Медиа орталығының» бас директоры, Ішкі істер министрінің баспасөз-хатшысы болған.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры лауызымын атқарған.

Өткен жылдың шілде айынан бүгінге дейін Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

Сәрсенбі күні Павлодар облысының Железин ауданына жаңа әкім тағайындалды.

Железин ауданын бұған дейін Павлодар аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған Айтуған Шайхимов басқаратын болды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Железин ауданын төрт жыл бойы басқарған Қанат Қасқыровқа алғыс айтып, ары қарайғы қызметіне табыс тіледі.

Содан соң аймақ басшысы аудан активіне бұған дейін аудандық мәслихаттың депутаттары қолдау білдірген жаңа басшыны таныстырды.

Ол Айтуған Шайхимовке бірінші кезекте орындалуы тиіс міндеттерді жүктеді.

Айтуған Шайхимов 1980 жылы Железин ауданында дүниеге келген.

Павлодар мемлекеттік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша және Инновациялық Еуразия университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 1998 жылы Железин ауданының Еңбекші мектебінде мұғалім болып бастады.

Осы оқу орнында директордың орынбасары болды.

2004-2007 жылдары «Қазақстан - Павлодар» РТРК АҚ облыстық филиалының редакторы, аға редакторы қызметін атқарды.

2007-2009 жылдары Павлодар облысы әкімінің аппаратында жұмыс істеп, аймақ басшысының баспасөз қызметін басқарды.

2009-2010 жылдары Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының жанындағы сараптамалық ақпарат орталығы директорының орынбасары болды.

2010-2012 жылдары Май ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет етті.

2012-2017 жылдары Павлодар облыстық мәслихатының аппаратына жетекшілік етті.

2017 жылғы сәуір айынан бастап VI шақырылымдағы Павлодар аудандық мәслихатының хатшысы болып тағайындалды.

Дәл сол күні Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Қазбек Тәшімов тағайындалды.

Қазбек Тәшімовтың құқықтану және ветеринарлық-санитария мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.

20 жылдық еңбек өтілінің 14 жылында ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласында қызмет етті.

Тәшімов аудандық ветеринария бөлімінің басшысы, облыстық ветеринария басқармасының басшысы болып еңбек еткен.

Соңғы атқарған қызметі – Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс активі мен ауыл шаруашылығы басқармасының ұжымына жаңа басшыны таныстырып, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы тың серпін мен жаңа тәсілдерді енгізуді қажет ететінін атап өтті.

Өңір басшысы сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына қатысты жауапты тұлғалардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.

Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс, сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларына жаңа басшылар тағайындалды.

Басқармалардың жаңа басшыларын әкімдік отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов таныстырды.

Бұдан былай СҚО әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын Қайролла Ғалеев басқарады.

Қайролла Төлеуұлы 1967 жылы Мағжан Жұмабаев ауданның Чистовский ауылында дүниеге келген.

Ақмола ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Талай жыл Петропавл қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Бүгінгі тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.

Ал Бақыт Ілиясов СҚО әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Бақыт Ботажанұлы 1984 жылы Қызылжар ауданының Подгорное ауылында дүниеге келген.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірді.

Бүгінгі тағайындауға дейін СҚО әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.

Жұмада Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жаңа басшы келді.

ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған департаментті Бауыржан Айнабеков басқарады.

Жаңа басшыны ұжымға ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы Абзал Бейсенбекұлы таныстырды.

Бауыржан Қазбекұлы Айнабеков Қызыл ту еңбек орденінің ауылшаруашылық институтын, Үздіксіз білім беру Алматы университетін, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясын тәмәмдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы Алматы облысы бойынша Салық комитетінде салық инспекторы болып бастаған.

1995 жылдан бастап Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелерінде әртүрлі лауазымдарда, оның ішінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.

2019 жылдан 2021 жылдың қазан айына дейін Павлодар облысы бойынша МКД басшысының орынбасары қызметінде болды.

Аппарат басшысы Бауыржан Айнабековке алға қойылған міндеттерге табысты қол жеткізуін тіледі.


Жоғары қарай